Қысқы Универсиада: 17 қаңтарда ел құрамасынан кімдер сайысқа түседі
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 17 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың төртінші жарыс күнінде қазақстандық спортшылар шаңғы жарысы, парашаңғы, мәнерлеп сырғанау және шайбалы хоккейден сынға түседі.
Шаңғы жарысында спринттен 1400 метрге қашықтықта ел құрамасынан қыздарда Лаура Қыныбаева, МарияГеращенко, Елизавета Толмачёва, Алеся Бочкарёв, ерлерде Ернұр Бексұлтан, Әмірғали Мұратбеков, Ілияс Исабек, Нартай Тұрлыбекұлы, Сұлтан Базарбеков және Святослав Матасов сайысқа түседі.
Ал парашаңғы жарысында спринттен 1400 метрде Денис Зинов, Роман Құрбанов жарыс жолына шықса, мәнерлеп сырғанауда қысқа бағдарламада қыздардан София Самоделкина ел намысын қорғайды.
Сондай-ақ шайбалы хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Чехиямен шеберлік байқасады.
Еске салсақ, қазақстандық спортшылар медальдар кестесінде екі алтын, үш күміс, бір қоламен екінші орында келеді. Ел құрамасы қоржынына қос алтынды фристайлшы Анастасия Городко салды.
Ал Аяулым Әмренова мен Антон Бондарев (екеуі де фристайл жұптық-могул) және Денис Зинов (парашаңғы, 10 шақырым) күміс, Роман Құрбанов (парашаңғы, 10 шақырым) қола медаль алды.