АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Турин қаласында өтіп жатқан Қысқы универсиадада қазақстандық биатлоншы Кирилл Бауэр қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстандық спортшы 15 шақырымдық масс-стартта үздік үштікке ілікті.
Дегенмен Қазақ туризм және спорт академиясының студенті, 24 жастағы Бауэрдің алтын алатындай мүмкіндігі толық бар еді. Бірінші ату айлағында ол нысана көздеуден бір рет мүлт кетті. Ал екінші және үшінші ату айлағында бәрін дәл тигізіп, көш бастады. Өкінішке қарай, төртінші ату айлағында үш рет қателесіп, үшінші орынға түсіп қалды.
Мергендік танытқан франциялық Натанэль Пигуин 42:53.1 уақытпен мәре сызығын бірінші болып қиды. Швециялық Карл Грёнланд одан 28.1, К.Бауэр 33.8 секундқа қалып қойды.
Қазақстандықтар Вадим Куралес алтыншы, Никита Акимов жетінші орыннан көрінді. Ержанат Қуандық 19-ыншы болып келді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қысқы универсиадада хоккейден Қазақстан ерлер құрамасының бесінші орын алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).