АСТАНА. KAZINFORM – Италияның Турин қаласында өтіп жатқан Қысқы универсиадада Қазақстан құрамасы шорт-тректен қола жүлдегер атанды.
Қазақстандықтар 2 мың метрлік қашықтықта аралас сында аса тартысты бәсекеде үздік үштікке ілікті. Аталған жарыста ел намысын Алина Әжіғалиева, Мәлика Ермек, Яна Хан, Валерий Клименко және Дінмұхамедалдияр Тәжібай қорғады.
Қазақстандықтар 2:44.815 уақытпен мәре сызығын үшінші болып қиды. Оңтүстіккореялықтар чемпион атанса, қытайлықтар күміс жүлдеге ие болды.
- Бәсеке өте жоғары болды. Команда бәріне әзір еді. Бірінші орынға да таласуға болар еді. Тактикалық, бәлкім, дене дайындығы жағынан сәл жетпей қалды, - деді жарыстан кейін Алина Әжіғалиева.
Осылайша, қазақстандықтар универсиадада 13-інші медальді жеңіп алды.
Сәрсенбі күні сондай-ақ ерлер мен әйелдер арасында шорт-тректен 500 метр қашықтықта медальдар сарапқа салынды. Онда қазақстандықтар жүлдеге іліге алған жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қысқы универсиадада биатлоншы Кирилл Бауэрдің қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).