Қит етсе жолды жауып тастайды: Ерболат Досаев мәселені заңды жолмен шешуге шақырды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Шаһар басшысы алматылықтарды мәселені жолды жабу арқылы шешпеуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халық тұрмыстық мәселелеріне ғана емес, әкімдеріне де шағымданды.

Айтуларынша, ақпан айының ортасында «Қарасу» шағынауданында митинг ұйымдастырылған. Оған 20-ға жуық адам жиналды.

Сол кезде аудан әкімдігі үнсіз қалып, тоқтатуға әрекет жасамаған.

«Аудан әкімі кабинетте тығылып отырмайды. Жұмыс істеп жатыр. Оны күнделікті жедел есеп бергеніне қарай білемін. Алатау – қаланың жаңа ауданы, жер беруде көп мәселе туындады. Көп жұмыс істелді, әлі де көп нәрсе жасау қажет. Мен соңғы кезде жолды жауып тастау үрдісін байқап жүрмін, бірақ қалада бұған жол бермеймін. Жолды жабу заңға қайшы, басқаларға кедергі боласыздар. «Жолды жапсақ, билік қайда барады, өздері келіп шешеді» дегенді естимін. Олай емес, мәселені жоспарлағандай шешеміз. Билікпен диалог болса, бұл - қалыпты жағдай», - деді Ерболат Досаев.