Кітап дүкендерінде сатылып жатқан кітаптардың 10 пайызы ғана қазақ тілінде

АЛМАТЫ. 4 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Біз тәуелсіз ел бола тұрып, көрші мемлекеттердің ақпараттық және мәдени боданына айналып бара жатырмыз. Оны "Алтын қалам" тәуелсіз әдеби байқауын ұйымдастырушылар бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.

"Кітап дүкендерінде қазақ тілді басылымдар әлі де тапшы болып отыр. Біздің "Алтын қалам" осы олқылықты жоюды көздейтін алғашқы байқау деуден аулақпыз. Бірақ оған өз үлесімізді қосуды көздедік. Мамыр айында көтерілген бұл байқау кезінде қыркүйек айына дейін www.arzu.kz сайтына 75 автордың 92 шығармасы келіп түсті. Ғаламторға қол жетімділіктің төмендігіне қарамастан, үміткерлер Алматы мен Астанадан ғана емес республиканың барлық өңірін қамтып отыр. Бұл бізді ерекше қуантып отыр",- дейді "Эксклюзив" журналының редакторы, саясаттанушы Расул Жұмалы.

Ал GSM Қазақстан/Кcell компаниясының корпоративтік директоры Аида Досаеваның айтуынша, кітап сөрелерінде қазақстандық авторлардың кітаптарының аздығы елімізде талантты адамдар жоқ деген сөз емес. Біз оларды білмейміз және олардың өз шығармаларын оқырман назарына ұсынатын алаңқайлары жоқ.

Әдеби сыйлықты ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда, үміткер авторлардың басым бөлігі оқырман қауымға танымал емес жаңа есімдер. Ақтық сынға мына туындылар шығып отыр. "Жылдың үздік поэзиясы" аталымы бойынша - "Сені сүю" (Ақберен Елгезек), "Тастағы өлең" (Бақытжан Алдияр), "Мына әлемге керек ауа" (Танакөз Ілиясова), "Соқыр аккордеоншы" (Серік Сағынтай).

"Ең үздік проза" аталымы бойынша - "Көш" әфсана (Думан Рамазан), "Тозақта өткен бір түн" фантастикалық повесть (Оралбек Бесболат), "Түнекке жұтылған түнгі оттар (Заря Жұманова), "Пошташы Жаулыбай немесе ән дауылы соққан кеш "(Ерекен Қорабай), "Кие" ( Бақыткүл Бабаш).

"Үздік балалар шығармасы" - "Болмаған балалық шақ" (Ақберен Елгезек), "Әдеп" (Қалқаман Сарин), "Әліппе, өлең жаздым қырық екі әріпке"(Жаркен Манарбай), драматургия - "Мінездеме" (Еркін Тәкебаев), "Қанды азу" (Байғали Есенәлиев) , "Қадір түні" (Мадина Омарова).

Бұлардың арасынан ең үздік деп танылған авторлардың есімі 8 қараша күні белгілі болады деп жоспарланып отыр.