Кітапқа Қазақ елінің он жылдық шежіресі арқау болған

None
АСТАНА. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Сауытбек Абдрахмановтың «Қашаған құрықтаған Қазақстан» атты көлемді жинағы оқырмандардың қолына тиді. Қаламгерлік, қайраткерлік сапарлармен әлемнің елуден астам елін аралаған, көптеген оқиғаларға куә болған көрнекті публицист, филология ғылымдарының докторы Сауытбек Абдрахмановтың бұл жинағына

2001-2010 жылдар аралығындағы шетелдік репортаждары, мемлекеттер басшыларымен, көрнекті қайраткерлермен, халықаралық саясатқа қатысты сұхбаттары топтастырылған. Қазақстанның сыртқы саясаттағы басты-басты оқиғалары арқау болған. Кітаптың өн бойында автордың заман, қоғам, адам, ел, халық туралы ойлары өріліп отырады.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағасы биігіне көтерілген, 2010 жылы Ұйымның Саммитін өз елімізде өткізуге қол жеткізіп, әлемге әйгілі мемлекетке айналған Қазақстанның халықаралық аренадағы алар орнын айшықты ашып көрсететін кітапта ресми сапарлардың жай-жапсары баяндалып қана қоймайды, сол елдер туралы тағылымды жайлар да айтылады, тәуелсіздігіміз жөнінде ордалы ойлар ортаға салынады.

Кітаптың алғысөзін жазған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кәсіби халықаралық дипломат мен үшін бұл кітап ерекше қызығушылық туғызды. С.Абдрахмановтың кітабын оқыған оқырман, мейлі ол студент, ғалым немесе мемлекеттік қызметші болсын, біздің қарама-қайшылықты әлеміміз немен тыныстап, қандай қиындықтарды еңсеруге жұмылып жатқанынан, қай тұрғыдағы сынақтарды жеңуге ұмтылыс танытқанынан толық түсінік алады. Және ең бастысы - оқырманның көз алдында біздің мемлекеттің көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған оның халықаралық қызметінің тұтас бір картинасы пайда болады. Жинақта Елбасымыздың әлемдік саясаттың саңлағы ретіндегі биік бейнесі сомдалған»,- деп бұл еңбектің құндылығын атап өткен.

С.Абдрахманов Президенттің халықаралық қызметін жан-жақты, келістіріп көрсету арқылы еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы да, 11 жыл бойы шақырылмай келген Ұйым Саммитінің Қазақстан төрағалығы тұсында, Астанада өткізілуі де ең алдымен Елбасы еңбегінің жемісі екендігін дәлелдеп шыққан.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2001 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Саммитінде көтерген мәселелері мен айтқан ұсыныстары жинақтың алғашқы беттерінен орын алған. Елбасының 2001 жылы АҚШ-қа сапарын, жоғары деңгейде өткізген кездесулерін бірнеше тақырыппен шыққан мақалалардан оқуға болады. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың 2002 жылы Оңтүстік Африка Республикасында, Йоханнесбургте өткен Тұрақты даму жөніндегі бүкіләлемдік саммитте сөз сөйлеп, жаһандық мәселені көтергенін «Тұрақты даму адамзаттың аман қалу амалы», «Жаһандық жанайқай» атты мақалалардан оқып білеміз.

Елбасының 2003 жылы Швейцарияға, Италияға, Ватикан, Ресей елдеріне жасаған ресми сапарынан жазылған мақалалар мемлекеттік мәселелердің талқылануынан, ортақ шешімге келудегі саясаткерліктің шеберлігінен сыр шертеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2007 жылғы АҚШ-қа, Бразилияға, Түркияға ресми сапары, сол елдердің басшыларымен өткен маңызды кездесулерде көтерілген мәселелер жеке тақырыптар бойынша көрініс тапқан. Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 62-сессиясында сөз сөйлеп, әлем қауіпсіздігі, бейбітшілік туралы айтқан ойларын оқырманға жеткізген. Және де Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009-2010 жылдары Жапония, Корея Республикасы және АҚШ-қа барған сапарлары жан-жақты баяндалған. 2010 жылы 14 сәуір күні Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің бірінші сессиясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Елбасы Қазақстан тәжірибесін айта отырып, алпауыт елдердің басшыларын ядролық қарудан бас тартуға шақырды.

Кітапта ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған парламентшілердің 2008 жылы Қытайға барған сапары «Ұлы елдің ұлағаты» деген тақырыпта берілген. Сондай-ақ Қ.Тоқаевтың Австрия, Грекия мемлекеттеріне барған іссапарларынан жазылған мақалалар саяси мәні тереңдігімен ерекшеленеді.

Осы жинақта ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов бастаған парламенттік делегацияның Венгрия, Ұлыбритания астаналарында болған сапарлары, парламентаралық байланыстың дамуы жайлы жазылған мақалаларға орын берілген.

Және бірқатар мақалаларда соңғы екі-үш жылда ҚР Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың Норвегия, Испания, АҚШ, Ауғанстан, Австрия елдеріне жасаған сапарлары, жүздесулерде қозғалған ғаламдық мәселелер қамтылған.

Автордың қоғам қайраткері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлымен 2002 жылы Түркия сапарынан кейін жүргізген сұхбаты бауырлас елдердің бір-біріне деген ыстық қарым-қатынасы, саяси-экономикалық және мәдени байланыстарының жедел дамуы туралы ойларды қамтыған. 2003 жылы Нұртай Әбіқаевпен болған сұхбатта көршілес жатқан Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің достық, мәдени-рухани байланыстары сөз болады.

Жинақта әр жылдары бірқатар мемлекеттердің басшыларымен жүргізілген сұхбаттарда орын алған. Соның ішінде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоновпен, Араб Республикасының Президенті Мохаммед Хосни Мүбәракпен, Грузияның бұрынғы Президенті Эдуард Шеварднадземен болған сұхбаттар саяси салмағымен ерекшеленеді. Танымал саясаткерлер өз мемлекетеріндегі және әлемдегі жағдай туралы ойларымен және ел басқарудағы өзіндік ұстанымдарымен бөліскен.

Кітап Астанадағы «Елорда» баспасынан жарық көрген. Көлемі 33,5 баспа табақ.