KitapTime – 2023: Қазақстанда қандай кітаптар жиі оқылады
20:14, 15 Қыркүйек 2023
Елордада «KitapTime – 2023» ІІ жалпы республикалық кітап фестивалі өтіп жатыр. Кітап мерекесінде ҚазАқпарат тілшісі елдегі кітап шығару, сату, оқу ісі қай деңгейде екенін сарапшылардан сұрап көрді.
Қандай авторлар жиі оқылады
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева соңғы 5 жылда адамдар кітапханаларға жиі келетінін, кейде тіпті орын болмайтынын айтты.
«Жалпы, бізде оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Оқитын ұлт» мемлекеттік бағдарламасы бар. Экономикалық даму деген жақсы, аграрлық желі де жаман емес, бірақ рухани байлықсыз ел алысқа бармайды. Біздің кітапханаға күніне 500-800 адам келеді. Жалпы 1,5 миллион кітап қорымыз бар. Электрондық порталда 70 мыңға жуық кітап бар, олар әртүрлі әлемдік базалардан қолжетімді», - деді ол.
Сонымен бірге, қазақстандық және шетелдік көркем әдебиет әр уақытта сұранысқа ие. Қазір танымдық, мотивациялық кітаптар, психология, философия жиі оқылады. Сондай-ақ, IT технология, дизайн және сәулет бойынша кітаптар жиі сұралады. Бірақ бәрібір бірінші орында көркем әдебиет тұрады – Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытов, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржекеев, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Шыңғыс Айтматов, шетелден – Толстой, Чехов, Достоевский, Ремарк, Золя көп оқылады.
«Оған қоса, жаңа авторлар мен прозашылар – Бақытгүл Сармекова, Әлішер Рахат, Жадыра Шаймұратова, Қанат Тілеухан, Мақсат Мәлік жақсы танылып келеді. Олар көркем проза жазады. Ілияс Омаров атты жас талантымыз орыс тілінде жазады және өте белсенді жұмыс істейді. Қазіргі маркетинг заманында авторлар қоғамға өздері шығуы керек. Мен кітап жаздым, енді өздерің сатыңдар деп мемлекетке қарап отыратын уақыт емес. Қазір әдеби агенттер қажет. Сондықтан авторлар кітаптардың сатылғанын күтіп отырмай, әлемнің, жастардың не оқып жатқанын зерттеуі керек. Мысалы, жас жеткіншектер комиксті көп оқиды, оларға заманауи әлем туралы қысқа әңгімелер керек», - деді Ғазиза Нұрғалиева.
Қазақстанның барлық кітапханасы онлайн қолжетімді болады
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Қуат Бораш бүгінгі фестивальдің барлық өңірде жалғасатынын жеткізді.
«Жалпы министрлік тарапынан бұл бағытта көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта «Оқитын ұлт» жобасы аясында 2025 жылға дейін елдегі оқырмандар санын 40 пайызға дейін көтерсек деген жоспар бар. Бұл қолдан жасалатын науқан емес, осындай көпшілікке арналған шаралар арқылы жүргізіледі. «Ұлттық электронды кітапхана» негізінде республика бойынша бірыңғай барлық жерде іске асырылатын жаңа ақпараттық жүйе жасау жоспарланып отыр. Ол іске асса, кез келген кітапханада отырып, елдің барлық өңіріндегі кітапханалар қолжетімді болып, оқырман қалаған кітабын алып оқи алады. Бұл бағытта баспагерлер қауымымен, кітапханалармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл да біздің қазіргі заман талабына сай жасалтын жоба деп ойлаймызй», - деді Қуат Бораш.
Жастар көркем әдебиетті көбірек оқуы керек
«Ашылмаған парашюттан ашылмаған кітап қауіпті. «Қазіргі ұрпақ кітап оқымайды» деп мүлдем тұқырта беруге болмайды. Баланы кітапқа ынталандыру керек. Кеңес одағы кезінде де бүкіл ұлт жаппай кітап оқып кеткен жоқ. Оның ішінде де оқитыны оқыды. Себебі кітап оқудан ләззат алатындар бар, ұнатпайтындар бар. Бүгінгі фестиваль секілді мерекелік шаралар жүзден он адамның ынтасын оятса – үлкен олжа», - дейді ақын, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Дәулеткерей Кәпұлы.
Оның айтуынша, жастар ең алдымен көркем ойлау жүйесін көтеру үшін әдебиетті көбірек оқуы керек.
«Қазіргі жастар оқитын кітаптың бағыты басқа екенін білеміз. Әсіресе психологиялық кітаптарға көп бейім болып кетті. Бесіктен белі шықпай жатып, психологиялық кітаптың бәрін жастанып оқыған баладан қорқамын. Бесіктегі тәрбиемен, отбасында ата-ана тәрбиесімен қатар кітаптың, соның ішінде көркем әдебиетті, ұлтты сүюге тәрбиелейтін кітаптарды оқып барып, содан кейін әлемдік психологтардың кітаптарын оқыса деймін. Жалпы кітап оқыту – 100 қойдан 150 қозы алу секілді науқан емес, оның нәтижесі әрбір жеке адамның рухани тұрғыда өскенінде ғана байқалады. Елдегі Жазушылар одағы ешкімді кітап оқуға мәжбүрлемейді, бұл одақ қаламгерлердің еңбектерін жарыққа шығаруға, олардың әлеуметтік жағдайына, қаламгерлердің еңбектерін ескеруге, марапат-атақтарға ұсынуға, жаңа кітаптардың тұсаукесерін жасауға қоғамдық ұйым ретінде қолдау көрсетеді», - деді Дәулеткерей Кәпұлы.
Қазақстанда кітап шығару оңай ма?
Кітап жәрмеңкесінің тағы бір қатысушысы – «Қыр баласы» қоғамдық қоры. Аталған қор 2017 жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы құрметіне ашылған еді.
«Қордың қызметі әр түрлі: біз Алаш қозғалысын зерттейміз, Алаш жөнінде ғылыми дәрістер оқимыз, халықаралық экспедициялар ұйымдастырамыз. Экспедиция нәтижесінде шетелдік архивтерден табылған деректерді кітап етіп шығарамыз. Мәселен «Алаш кітапханасы» сериясымен бұрын беймәлім болып келген, ескерусіз қалған Алаш қайраткерлерінің шығармаларын жинақ етіп шығардық. Бұл үлкен идеологиялық жұмыс», - деді қор басшысы Заңғар Кәрімхан.
З. Кәрімхан қазіргі нарықта кітап басып шығарудың шаруасы шаш-етектен жетіп артылатынын айтты.
«Мазмұны дайын дүниені шығарудың өзі көп шығынды қажет етеді. Өйткені қағаз біздің елде шығарылмайды, шетелден, әсіресе Ресейден қымбат бағаға жеткізіледі. Мемлекеттен берілетін тендер біз секілді жұмысын жаңа бастаған баспаларға берілмейді, бұрыннан келе жатқан, кеңес заманынан қалған үлкен баспалар алады. Кітапқа қатысты дайын материалды жасау, беттеу, көркемдеу ісіне де мамандар керек, олардың ақысын төлеу керек. Басып шығарудың өз шығыны бар. Сондықтан, елде көп адамның кітап шығаруға қаражаты жетпейді, ең көп деген тираждың өзі 5-6 мың дана болған шығар. Әзірге мемлекет қолдауын күтпей, өзіміз демеушілік тауып, жаңа кітаптарды шығарып жатырмыз. Қазір әлеуметтік желіде ғана жарнама жасаймыз, оның өзі көпшілікке жете қоймайды. Бук-трейлер түсіріп, осы кітаптың бар екенін жариялап көрсетіп жүрміз. Кітап дүкендеріне беріп көрдік, өздерінің үстеме ақысын қосқандықтан, баға қымбаттап кетеді. Сондықтан өз күшімізбен айына шамамен 50-60 кітап сатып жүрміз», - деді Заңғар Кәрімхан.
Кітапхана түнінде телескоппен жұлдыз тамашалауға болады
Фестивальдің алғашқы бөлігінде түрлі отандық баспалардың көрме-жәрмеңкесі, «Art-vision» қолөнер шеберлері мен суретшілер павильоны, bookcrossing, photo zone, шеберлік сағаттары, интерактивті, ұлттық ойындар және флешмоб ұйымдастырылған еді. Астанадағы Үндістан, Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Беларусь, Мысыр елшіліктері ұлттық павильондарын құрып, өз кітаптары мен танымал шығармаларын таныстырды.
Сағат 18:00-ден 22:00-ге дейін «KitapTime – 2023» фестивалі «Кітапхана түні» мәдени шарасына ұласады. Мұнда бизнес-коучинг, «Musikal party» классикалық музыка кеші, «Quiz» интеллектуалдық алаңы, поэзия кеші, түнгі караоке, ертегі қойылымдары, АНТИКАФЕ «Book & Сoffee» сынды мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылады.
«Жұлдызбен кітапханаға жол» жобасында танымал актерлер мен тележүргізушілер кітапханаға келушілерді тіркейді. Сондай-ақ, қазақ тілінде көпшілік алдында еркін әрі тартымды сөйлеу, харизманы күшейту, басқару психологиясы сынды шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. «Алқа» әдеби-мәдени клубы «Қуыскеуде» кітабының тұсаукесерін өткізеді. Келушілерге Астананың түнгі аспанын телескоппен тамашалау мүмкіндігі беріледі және ауқымды шара Cover show концертімен аяқталады.