Қытай 1 трлн юань арнайы мемлекеттік облигациялар шығарады

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM – Қытай премьер-министрі Ли Цян 5 наурызда өткен 14-ші Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысының екінші сессиясында үкіметтің жылдық жұмысы туралы есеп берді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ли Цян үкімет жұмысының есебінде ұлттық дамудағы кейбір ірі жобаларды қаржыландыру мәселесін жүйелі түрде шешу үшін Қытай үкіметі биылдан бастап алдағы жылдары бірнеше рет қатарынан «Аса ұзақмерзімді арнайы мемлекеттік облигациялар» шығаруды жоспарлап отырғанын айтты.

Осы арнайы мемлекеттік қарызды шығару арқылы алынған қаражат тек негізгі ұлттық стратегияларды жүзеге асыруға және негізгі салалардағы қауіпсіздік мүмкіндіктерін құруға жұмсалатынын атап өтті. Премьер жариялаған есепке сәйкес, Қытай үкіметі 2024 жылы жалпы номиналды құны 1 триллион юань болатын «Аса ұзақ мерзімді арнайы мемлекеттік облигациялар» шығарады.

«Аса ұзақмерзімді арнайы мемлекеттік облигациялар» дегеніміз не?

Қытай 1998, 2007 және 2020 жылдары үш рет «арнайы мемлекеттік облигациялар» шығарған.

Ал «Аса ұзақмерзімді мемлекеттік облигацияларды» (30 жылдық мерзім) шығаруы 2001 жылы басталып, 2016 жылдан бері шығару көлемі артып, 2020 жылы 620 миллиард юаньға жеткен. «Аса ұзақ мерзімді арнайы мемлекеттік облигациялар» осы екі облигацияның интеграцияланған түрі болады.

Қытай бұқаралық ақпарат құралдарының түсіндірмесі бойынша, «Аса ұзақмерзімді арнайы мемлекеттік облигациялар» деп аталатын облигациялардың шығарылу мерзімі 10 жылдан астам екенін білдіреді. Сонымен қатар бұл облигациялардан түскен қаражат арнайы жобаларға жұмсалады және оны Қытайдың Қаржы министрлігі орынды деп тапқан кезде шығарады.

Жергілікті БАҚ мұндай арнайы мемлекеттік облигацияларды шығару арқылы Қытай үкіметі ауқымды инфрақұрылымдық жобалар мен ұлттық ұзақмерзімді стратегиялық жобаларын жүзеге асыруға тиімді қолдау көрсету үшін бюджеттен тыс қаражатты көбірек тарта алады деп есептейді.