Қытай 20 жапон ұйымын экспорттық бақылау тізіміне қосты

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР Сауда министрлігі сейсенбі күні Mitsubishi Heavy Industries Shipbuilding Co. компаниясы да кіретін 20 жапон ұйымын экспорттық бақылау тізіміне қосу туралы шешім қабылдағанын хабарлады. Бұл туралы Синьхуа жазды.

Бұл шешімнің себебі — ұлттық қауіпсіздік пен мүдделерді қорғау, сондай-ақ, таралуын болдырмау сияқты халықаралық міндеттемелерді орындау қажеттігі болып отыр.

— Экспорттаушыларға аталған ұйымдарға екіжақты (қолданысы әскери және бейбіт мақсаттарға жарамды) тауарларды экспорттауға тыйым салынады. Сондай-ақ, шетелдік ұйымдар мен жеке тұлғаларға Қытайда өндірілген екіжақты тауарларды аталған ұйымдарға беру немесе жеткізуге болмайды. Қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан барлық сәйкес әрекет дереу тоқтатылуы тиіс, — делінген ведомство хабарламасында.

Сейсенбі күні ҚХР Сауда министрлігі бақылау тізіміне SUBARU корпорациясын да қосқан 20 жапон ұйымын енгізді. Оларға қатысты тауарлардың соңғы пайдаланушылары мен қолдану мақсаттарын тексеру мүмкін болмаған.

Министрлік бақылау тізіміне енгізілген ұйымдар үшін екіжақты тауарларды соңғы пайдаланушы мен қолдану мақсатын қатаң бақылауға алады. Жапон әскери пайдаланушыларына, әскери мақсаттарға немесе Жапонияның әскери әлеуетін күшейтетін басқа пайдаланушылар мен мақсаттарға қатысты экспортқа ешқандай рұқсат берілмейді.

Министрліктің ресми өкілі мәлімдегендей, аталған шаралар ҚХР-дың экспорттық бақылау заңы және екіжақты тауарларды бақылау туралы ережелерге сәйкес қабылданған.

Оның айтуынша, бұл шаралардың мақсаты — Жапонияның ремилитаризациясын және ядролық қаруға ие болуға ұмтылысын тоқтату болып есептеледі. Өкіл бұл шаралар толық заңды, ақылға қонымды және негізді екенін атап өтті.

Ресми өкілдің айтуынша, Қытайдың заңды әрекеттері тек аздаған жапон ұйымдарына қатысты және бұл шаралар тек екіжақты тауарларға қолданылады.

Бұл шешім Қытай мен Жапония арасындағы қалыпты сауда-экономикалық қатынастарға әсер етпейді. Заңға сәйкес әрекет ететін және адал жұмыс жасайтын жапон ұйымдары үшін ешқандай алаңдаушылық туындамайды.

Осыған дейін Қытайда пиротехникалық өнімдердің қауіпсіздігіне бақылау күшейтілетіні белгілі болды.