Қытай 2026 жылы импорттық кедендік бажды уақытша төмендетеді

Фото: Xinhua News

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қытай 935 тауар позициясы бойынша импорттық кедендік баждарды төмендетеді. Бұл ретте уақытша мөлшерлемелер ең қолайлы жағдай режимінде қолданылатын деңгейден төмен болады, деп хабарлайды ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Кедендік тарифтер комитеті.

«2026 жылға арналған кедендік тарифтерді түзету жоспарына» сәйкес, баждарды төмендету жаңа сапалы өндіргіш күштерді дамыту үшін қажетті негізгі жинақтаушы бөлшектер мен озық материалдарды қамтиды. Бұл ұғымды Бейжің жоғары қосылған құны бар инновациялық салаларды сипаттау үшін қолданады.

Қабылданған шаралар экологиялық трансформацияны қолдайтын шикізат тауарларына да қатысты болмақ. Атап айтқанда, литий-ионды аккумуляторлар өндірісінде пайдаланылатын қайта өңделген қара ұнтаққа кедендік жеңілдіктер қарастырылған.

Денсаулық сақтау саласында да бірқатар жеңілдіктер енгізіледі. Ұлттық «Салауатты Қытай» бастамасы аясында жасанды қан тамырлары, диагностикалық тест-жүйелер секілді мамандандырылған медициналық өнімдерге баж мөлшерлемелері төмендетіледі.

Сонымен қатар дамушы елдермен сауда байланыстарын кеңейту мақсатында Бейжің Қытаймен ресми дипломатиялық қатынастары бар 43 ең аз дамыған мемлекет үшін нөлдік баж режимін сақтайды. Бұл жеңілдіктер тауарлардың 100 пайызына қолданылады.

Қытай импорттық баждарды жыл сайын қайта қарап отырады. Бұл тетік жаһандық сұраныстың өзгеруі жағдайында және технологиялық тәуелсіздікке қол жеткізу міндеттері аясында экономиканы икемді түрде реттеу құралы ретінде пайдаланылады.

Бұған дейін Қытай 2026 жылы бюджеттік шығыстарды арттыратыны хабарланған болатын.