Қытай 2035 жылға дейін көміртек шығарындыларын 7–10%-ға қысқартпақ

Фото: pexels

АСТАНА. KAZINFORM – Көміртек шығарындылары бойынша әлемдегі ең ірі ел – Қытай 2035 жылға қарай оларды 7–10 пайызға қысқартпақ. 

АЗӘРТАДЖ хабарлауынша, бұл туралы Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин Нью-Йоркте өткен климат саммитінде бейнебайланыс арқылы мәлімдеді.

Экономика ауқымында шығарындыларды қысқарту мақсатымен қатар, Си Цзиньпин алдағы 10 жыл ішінде Қытайда жел және күн энергетикасының қуатын 2020 жылғы деңгейден алты еседен астам арттыру жоспарланғанын айтты. Сонымен бірге ел ішіндегі энергия тұтынудағы бейтарап (қазбаға жатпайтын) отын үлесін 30 пайыздан асыру көзделіп отыр.

Пекинден тікелей бейнеүндеу жасаған Си Цзиньпин экологиялық таза көліктерді жаппай қолжетімді етуді және «климатқа бейімделген қоғамды құруды» уәде етті.

Қазіргі таңда әлемдік көмірқышқыл газы шығарындыларының 31 пайыздан астамы Қытайға тиесілі.

Сонымен бірге Си Цзиньпин дамыған елдерді климаттың өзгеруімен күресте белсенді әрекет етуге шақырды.

— Жасыл әрі төмен көміртекті трансформация — бұл заманауи үрдіс. Кейбір елдер бұл үрдіске қарсы әрекет етіп жатқанына қарамастан, халықаралық қауымдастық дұрыс бағыттан таймай, берік сенімін сақтап, табанды қадам жасап, күш-жігерін бәсеңдетпеуі тиіс, — деді Си Цзиньпин жаһандық климат саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге үндей отырып. 

Айта кетелік Гутерриш климаттық әділеттілікті таңдауға шақырған еді