Қытай 75 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазіргі таңда Қытай біржақты тәртіпте немесе өзара келісім негізінде 75 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізді, деп хабарлайды Синьхуа.

Фото: Синьхуа

Бұл туралы елдің визалық ережелерін оңтайландыру және халықаралық алмасуларға жәрдемдесу жөніндегі күш-жігері аясында Қытай Халық Республикасының Көші-қон істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының бастығы Ван Чжичжун баспасөз конференциясында мәлім етті.

2021–2025 жылдарға арналған 14-бесжылдық кезең ішінде Қытай арқылы визасыз транзитке рұқсат етілген елдер саны да артты — олардың саны 55-ке жетті. Елге кіруге болатын шекаралық өткізу бекеттерінің саны 60-қа дейін өсті, олар 24 провинцияны, автономиялық аудандар мен орталыққа тікелей бағынатын қалаларды қамтиды, деп хабарлады ведомство басшысы.

Сонымен қатар, визасыз транзит мерзімі 240 сағатқа дейін ұзартылды. Ван Чжичжунның айтуынша, бұл шаралар Қытайға туристік, іскерлік және өзге де мақсаттармен келетін шетелдіктердің сапарын едәуір жеңілдетті.

— Жеке тәжірибелерінің негізінде көптеген шетелдік қонақтар қазіргі және көпқырлы Қытай туралы түсінік қалыптастырды, — деді ол.

Ресми деректерге сәйкес, 14-бесжылдық кезең ішінде Қытайдың шекаралық бақылау органдары ҚХР аумағына кіру мен шығуға 1,556 миллиард рет рұқсат беріп, ұшақтарды, кемелерді, пойыздар мен автокөліктерді қоса алғанда, 98 миллионнан астам көлік құралын тексеріп өткізген.

— Қытайдағы кедендік рәсімдеу жүйесі әлемдегі ең тиімді жүйелердің біріне айналды, — деп атап өтті Ван Чжичжун.

Сондай-ақ ол Көші-қон істері жөніндегі басқарманың білікті кадрларды тартуға бағытталған неғұрлым белсенді, ашық әрі тиімді стратегияны жүзеге асыруға күш салып жатқанын, сонымен қатар кіру визаларын, уақытша тұруға рұқсаттарды, тұруға ықтиярхаттарды және басқа да ілеспе қызметтерді қамтитын кешенді қолдау жүйесін құруға жәрдемдесіп жатқанын атап өтті.

Бұдан бұрын Алматы әуежайы Қытайдан жаңа бағыт бойынша алғашқы рейсті қабылдағаны белгілі болды.