Қытай АҚШ компанияларына қатысты экспорттық бақылауды тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай АҚШ-тың 28 фирмасына қатысты экспорттық бақылауын 90 күнге және сенімсіз субъектілер тізіміне енгізілген тағы 17 америкалық компанияға қатысты әрекетті тоқтатты. Бұл туралы ҚХР Сауда министрлігінің мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Ведомствода атап өтілгендей, Женевада (Швейцария) ҚХР мен АҚШ арасындағы жоғары деңгейдегі сауда-экономикалық келіссөзде қол жеткізілген консенсусты жүзеге асыру үшін 2025 жылдың 14 мамырынан бастап жоғарыда аталған шараларды 90 күнге тоқтату туралы шешім қабылданған.
Еске салайық, 4 және 9 сәуірде Қытайдың Сауда министрлігі барлығы 28 америкалық ұйымды экспорттық бақылау тізіміне қосып, оларға қос мақсаттағы тауарларды экспорттауға тыйым салды, сондай-ақ тағы 17 америкалық кәсіпорынды сенімсіз субъектілер тізіміне енгізді.
Бұған дейін АҚШ пен Қытай Швейцариядағы келіссөздер нәтижесінде сауда соғысы аясында бір-біріне қарсы енгізген экспорттық баж салығын 90 күнге төмендету туралы келісімге келгенін хабарлаған болатынбыз.