Қытай АҚШ тарифтеріне байланысты ДСҰ көлемінде тексеру жүргізілуіне бастама көтерді

Фото: Фото: Х / @wto

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай АҚШ-тың «өзара тарифтеріне» байланысты Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде тексеру жүргізуге бастама көтерді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Қытай 5 сәуірден бастап барлық сауда серіктестерінің импортына қосымша 10% баж салығын, сондай-ақ 9 сәуірден бастап Қытай тауарларына бөлек 34% баж салығын енгізуді көздейтін шараларға қатысты АҚШ-пен даулы мәселелер бойынша ДСҰ консультацияларын жүргізуге өтінім жіберді, - делінген Дүниежүзілік сауда ұйымының сейсенбі күні кешке жариялаған коммюникеде.

Бейжің бұл шаралар АҚШ-тың 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің бірнеше ережелері бойынша қабылдаған міндеттемелеріне қайшы келеді, сондай-ақ Кедендік бағалау туралы келісім және Субсидиялар мен өтемақы шаралары туралы келісімді бұзады деп санайды.

Консультацияларға сұраныс ДСҰ-дағы дауларды шешу механизмін ресми түрде іске қосады. Консультациялар тараптарға жағдайды талқылауға және іс жүргізудің келесі, неғұрлым формальды кезеңіне өтпей-ақ, өзара қолайлы шешімге қол жеткізуге тырысуға мүмкіндік береді. Егер дау 60 күн ішінде шешілмесе, талапкер шешім қабылдау үшін төрелік алқа құруды талап етуге құқылы.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп сыртқы сауда-экономикалық тәжірибе ұлттық төтенше жағдай тудырғанын мәлімдеп, АҚШ экономикасы мен америкалық жұмысшыларды қорғау үшін жауап тарифтерін енгізу туралы жарлық шығарды. 

Еліміздің Сауда министрлігі Трамптың жаңа баж салығына қатысты мәлімдеме жасады. 

Әлем көшбасшылары Трамп енгізген тарифтерге қалай қарайды – мына сілтеме арқылы өтіп оқи аласыз.