Қытай АҚШ-ты Тайвань мәселесіне сақтықпен қарауға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Сыртқы істер министрлігі АҚШ-ты «бір Қытай» қағидатын қатаң сақтауға және Тайвань мәселесіне сақтықпен қарауға шақырды, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: mfa.gov.cn

Бұл туралы Қытай СІМ-нің ресми өкілі Мао Нин 12 қазанда өткен кезекті баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, Вашингтон «бір Қытай» қағидатын және Қытай мен АҚШ арасындағы үш бірлескен коммюникенің ережелерін сақтап, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың тұрақтылығын, сондай-ақ аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге нақты үлес қосуы тиіс.

Қытай дипломаты бұл мәлімдемені АҚШ Мемлекеттік департаментінің өткен аптада Тайваньның шығыс жағалауындағы Қытайдың теңіз қызметін «аймақтық тұрақтылыққа нұқсан келтіреді» деп бағалауына жауап ретінде жасады.

– Қытай бұл мәселеге қатысты өз ұстанымын бірнеше рет нақты түсіндірді. Тайвань аралының шығысындағы теңіз айдынында Қытайдың айрықша экономикалық аймағы мен құрлықтық қайраңы бар. Сондықтан аталған сулардағы қызметіміз егемендік құқықтарымыз бен заңнамамыз аясында жүзеге асырылады. Бұл заңды әрекет және оны сынауға негіз жоқ, – деді Мао Нин.

Ол Қытайдың аталған аймақта шиеленіс тудыруға немесе тұрақтылықты бұзуға бағытталған әрекеттер жасамағанын мәлімдеді.

– Қытай тарапы ешқашан бұл аймақта арандатушылық жасап, тұрақтылыққа нұқсан келтірген тарап болған емес. Тайвань мәселесі – Қытайдың ішкі ісі және оған қандай да бір сыртқы араласуға жол берілмейді, – деп атап өтті СІМ өкілі.

Айта кетейік, бұған дейін Қытай АҚШ Мемлекеттік департаментінің сайтындағы Тайваньға қатысты мәліметті өзгертуін сынға алып, Вашингтонды «бір Қытай» қағидаты мен екі ел арасындағы үш бірлескен коммюникені сақтауға шақырған болатын.