Қытай АҚШ-тың 10 компаниясына экспорттық шектеу енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай АҚШ-тың 10 компаниясын экспорттық бақылау тізіміне енгізіп, оларға қос мақсаттағы тауарларды жеткізуге тыйым салды.

Фото: Синьхуа

Қытай Сауда министрлігінің хабарлауынша, шешім ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттік мүдделерді қорғау, сондай-ақ таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерді орындау мақсатында қабылданған.

Тізімге AeroVironment, Red Cat Holdings, Teal Drones, IMSAR, BRINC Drones, Shield AI, Oshkosh Defense, L3Harris Maritime Services, MP Materials және USA Rare Earth компаниялары енді.

Жаңа ережеге сәйкес, қытайлық экспорттаушыларға аталған компанияларға қос мақсаттағы тауарлар, бағдарламалық қамтамасыз ету мен технологияларды жеткізуге тыйым салынады. Қажет болған жағдайда экспорт тек Қытай Сауда министрлігінің арнайы рұқсатымен жүзеге асырылады.

Қытай Сауда министрлігі бұл шешім АҚШ-тың «Қытайдың әскери компаниялары» тізімін кеңейтуіне жауап ретінде қабылданғанын мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ Қорғаныс министрлігі аталған тізімге Alibaba, Baidu, BYD, Nio және басқа да қытайлық компанияларды енгізген еді. Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл тізім тікелей санкцияларды көздемегенімен, Пентагонға аталған компаниялармен келісімшарт жасауға шектеу қояды.