Қытай АҚШ-тың 28 компаниясына шектеу қойды

Фото: Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі 28 америкалық компанияға қатысты қос мақсаттағы өнімдерді жеткізуге шектеу қойды.

TAСС мәліметінше, тиісті мәлімдеме реттеушінің сайтында жарияланды.

— Қытай Халық Республикасының «Экспорттық бақылау туралы» Заңына және Қытай Халық Республикасының қос мақсаттағы тауарлардың экспорттық бақылауы туралы ережелеріне сәйкес, Қытайдың ұлттық қауіпсіздігі мен мүдделерін қорғау мақсатында, сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді орындай отырып, Қытай тарапы 28 америкалық компанияны экспорттық тізімге бақылауды енгізу туралы шешім қабылдады, — делінген ведомство хабарламасында.

Анықталғандай, 2025 жылдың 2 қаңтарынан бастап Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігінің арнайы рұқсатынсыз осы компаниялардың мүддесі үшін қос мақсаттағы қытай өнімдерін экспорттауға тыйым салынады. Шектеу шараларына жататын компаниялардың тізіміне General Dynamics, Lockheed Martin Corporation, Boeing Defence, Space & Security және басқа да АҚШ компаниялары кіреді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытайдың Қазақстандағы жаңа Төтенше және Өкілетті елшісі Астанаға келді.