Қытай әлемдегі ең ірі кешенді көлік жүйесін қалыптастырды

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы бес жылда Қытай әлемдегі ең ірі әрі ең кең қамтылған кешенді көлік инфрақұрылымы жүйесін жасақтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: Pexels

Бұл жөнінде сейсенбі күні ҚХР Көлік министрінің орынбасары Сюй Чэнгуан 15-бесжылдық аясында елді көлік державасына айналдыру міндеттеріне арналған баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Оның айтуынша, 14-бесжылдық кезеңі инвестиция көлемі мен құрылыс қарқыны жағынан Қытай тарихындағы рекордтық кезең болды. Көлік саласының негізгі қорларына салынған инвестиция көлемі 18,8 трлн юаньды (шамамен 2,8 трлн АҚШ доллары) құрады. Ұлттық көлік желісінің жалпы ұзындығы 6 миллион шақырымнан асты, ал оның негізгі қаңқасының дайындық деңгейі 91%-ға жетті.

Фото: Берік Табынбаев / Kazinform

— Көлік инфрақұрылымының ауқымы бойынша Қытай әлемдік көшбасшылардың қатарында берік орнықты. Жоғары жылдамдықты теміржолдардың ұзындығы 50 мың шақырымнан, автомобиль жолдарының ұзындығы 199 мың шақырымнан асты. Елде 3061 ірі айлақ пен 270 ірі әуежай жұмыс істейді. Сонымен қатар әлемдегі ең ірі курьерлік желі құрылды, — деді ол.

Министр орынбасары жолаушылар тасымалы да қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Соңғы бес жылда жоғары жылдамдықты теміржолдардағы жолаушылар саны 132%-ға, ал азаматтық авиациядағы жолаушылар ағыны 84%-ға артқан.

Сонымен қатар Қытай теңіз тасымалы мен жедел жеткізу қызметтері көлемі бойынша әлемдегі жетекші орнын сақтап отыр.

Бұған дейін 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 18,7 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға артқаны хабарланды.