Қытай алғаш рет ғарышқа адамның жасанды эмбрионын жіберді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай алғаш рет адамның жасанды эмбрионына қатысты ғарыштық экспериментті бастады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі .

Фото: Синьхуа

Зерттеу Қытайдың орбиталық станциясы бортында жүргізіліп жатыр. Эксперимент ғалымдарға микрогравитацияның адам жасушаларының ерте даму кезеңдеріне және болашақтағы ұзақ мерзімді ғарыш миссияларына ықпалын түсінуге көмектесуі тиіс.

Қытай ғылым академиясының Ғарыш технологиялары орталығының мәліметінше, тәжірибелік үлгілер орбитаға «Тяньчжоу-10» жүк кемесі арқылы жеткізілген. Станцияға жеткеннен кейін ғарышкерлер материалдарды ғылыми модульге орналастырған.

Ғалымдар бұл нағыз адам эмбриондары емес екенін атап өтті. Олар – дің жасушаларынан жасалған арнайы биологиялық құрылымдар. Мұндай модельдер эмбрион дамуының бастапқы кезеңдерін имитациялайды, алайда толыққанды ағзаға айнала алмайды.

Жоба жетекшісі Юй Лэцянь эксперимент қалыпты режимде өтіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, станциядағы автоматтандырылған жүйе зерттеуге қажетті жағдайларды сақтау үшін қоректік ортаны күн сайын ауыстырып отырады.

Ғалымдар екі тәжірибелік модельді зерттеп жатыр: біреуі жатыр жасушаларына орналастырылған, екіншісі микрофлюидтік чиптің ішінде орналасқан. Негізгі мақсат – салмақсыздықтың жасушалардың ерте даму процестеріне қалай әсер ететінін анықтау.

Сонымен қатар дәл осындай зерттеулер Жерде де қатар жүргізіліп жатыр. Бұл ғалымдарға гравитация және микрогравитация жағдайындағы жасуша дамуының айырмашылықтарын салыстыруға мүмкіндік береді.

Эксперимент бес күнге есептелген. Цикл аяқталғаннан кейін үлгілер орбитада мұздатылады, содан соң әрі қарай талдау жүргізу үшін Жерге қайтарылады.

Қытайлық зерттеушілердің пікірінше, алынған деректер адамның ғарышта ұзақ уақыт болуына байланысты қауіптерді зерттеуде және болашақтағы алыс ғарыш миссияларын игеруде маңызды рөл атқаруы мүмкін.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қытай ғарышта аурухана салу үшін орбитаға медициналық жабдықтар жібергенін жаздық.