Қаңтар-қазан айларында Қытайдың тауар айналымы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға өсіп, 44,81 трлн юаньға (6,67 трлн доллар) жеткен.
Экспорт көлемі 17,6%-ға артып, 25,99 трлн юань (3,87 трлн доллар) болды. Экспорт құрылымындағы машина жасау және электроника өнімдерінің үлесі 64,7%-ға жетіп, олардың жеткізілімі 25,2%-ға өскен.
Интегралдық микросхемалардың экспорты 101,9%-ға, ал жад микросхемаларының жеткізілімі 132,5%-ға артты. Электромобильдер, литий батареялары және фотоэлектрлік өнімдерді қамтитын «жаңа үштік» тауарлар экспорты 46,5%-ға өскен.
Қытай импорты 23,6%-ға артып, 18,82 трлн юань (2,8 трлн доллар) болды. Ал сыртқы саудадағы оң сальдо 7,17 трлн юаньға (1,06 трлн доллар) жетті.
— Биыл алғашқы он айда 150-ден астам ел мен аймақтан импорт көлемі өсті. Әсіресе, АСЕАН, Латын Америкасы және Африка елдерінен жеткізілген тауарлар көлемі тарихи ең жоғары деңгейге жетті, — деді Қытай Бас кеден басқармасының статистика және талдау департаментінің басшысы Люй Далян.
Бұған дейін Қытай өзімен дипломатиялық қатынасы бар барлық Африка елдеріне нөлдік кедендік баж режимін ұсынатынын жазған болатынбыз.