Қытай АТЭС саммитін өткізуге дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — 18-19 қараша күндері Қытай оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы форумы көшбасшыларының 33-ші бейресми кездесуі өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.

Фото: CGTN

Іс-шара «Бірлесе өркендеу үшін Азия-Тынық мұхиты қауымдастығын құру» тақырыбында өтеді. Форумның ашылу рәсімінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин сөз сөйлейді.
Кеше Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин Қытай, Ресей және АҚШ көшбасшыларының алғашқы жүзбе-жүз кездесуі Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы форумының саммиті аясында өтетінін, онда тараптар жаһандық бейбітшілікті сақтау және алпауыт елдер қарым-қатынастарындағы стратегиялық тұрақтылықты нығайту бойынша терең пікір алысатынын хабарлады.

Негізгі саммит қарсаңында, сейсенбіде Си Цзиньпин Канада, Папуа-Жаңа Гвинея, Вьетнам, Мексика, Перу және Чили көшбасшыларымен бірқатар екіжақты келіссөздер жүргізді.
Сондай-ақ Шэньчжэндегі Цяньхай халықаралық конференция орталығында екі күндік Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы форумының Іскерлік саммиті басталды. Оған Форумға мүше 21 экономиканың және Ұлыбритания, Франция, Германия және Швейцария секілді Форумға кірмейтін 13 елдің 2000-нан астам саяси және бизнес өкілдері қатысып жатыр.

Шэньчжэнь — Қытайдың негізгі технологиялық орталықтарының бірі. Қалада Huawei, Tencent, BYD және DJI сияқты компаниялардың штаб-пәтері орналасқан. Мегаполис жүргізушісіз такси, дронмен жеткізу және автоматтандырылған тұрақтарды жаппай қолданысқа енгізіп келеді. 2019 жылы қалдық тұрмыстық қалдықтарды көмуді толығымен тоқтатып, өртеуге көшкен Қытайдың алғашқы қаласы атанды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Трамптың Азияға сапары басталғанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ Қытай СІМ Си Цзиньпин, Путин және Трамптың 19 қарашада кездесетінін растады.