Қытай атом құпиясын зерттеу үшін әлемдегі ең қуатты бөлшектер үдеткішін іске қосты

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда зарядталған атомдар шоғырын бұрын-соңды болмаған қарқынмен үдете алатын әлемдегі ең қуатты бөлшектер үдеткіші пайдалануға берілді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Қытай ғылым академиясының Қазіргі заманғы физика институты

Жоғары қарқынды ауыр иондар үдеткіші (HIAF) Гуандун провинциясының Хуэйчжоу қаласында орналасқан. Жобаның құны 2,6 млрд юаньды (384,1 млн АҚШ доллары) құрады.

Ғылыми кешенді әзірлеуге 16 жыл жұмсалды. Бір импульстегі бөлшектердің тығыздығы бойынша HIAF Германияның Дармштадт қаласындағы үдеткішке тиесілі болған бұған дейінгі әлемдік көрсеткіштен сегіз есе жоғары.

Жобаның бас инженері, Қазіргі физика институтының маманы Ян Цзяньчэннің айтуынша, жаңа қондырғы ядролық физиканың бірқатар маңызды сұрақтарына жауап табуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, ғалымдар периодтық жүйенің шегі, ауыр химиялық элементтердің пайда болуы және сирек кездесетін атом ядроларының құрылысы жөнінде тың мәліметтер алады.

-Жоғары жылдамдықпен қозғалатын иондар микроскопиялық оқ тәрізді әсер етеді. Оларды нысанадағы атом ядроларымен немесе бір-бірімен тіркестіру арқылы ғалымдар тек жұлдыздардың ішінде немесе аса жаңа жұлдыздардың жарылысы кезінде ғана болатын төтенше физикалық жағдайларды зертханада қайта жасай алады, – деп түсіндірді ол.

HIAF іргелі ғылыми зерттеулермен қатар ғарыш аппараттарының радиацияға төзімділігін сынауға, жаңа материалдар әзірлеуге, онкологиялық ауруларды сәулелік терапиямен емдеу әдістерін жетілдіруге және медицинаға арналған жаңа изотоптар өндіруге де пайдаланылмақ.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Қытай адамтектес робот шығарудан көш бастап тұр.