Қытай әуе компаниясы Астана – Құлжа бағытын ашуды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Астана халықаралық әуежайының басшылығы мен Қытайдың Urumqi Air әуе компаниясының өкілдері Қазақстан мен Қытай арасындағы жаңа халықаралық әуе қатынасын дамыту мәселесін талқылады.

Фото: Көлік министрлігі

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – Астана мен Құлжа қалалары арасында тұрақты әуе рейстерін ашу болды.

– Алдын ала жоспарға сәйкес, рейстерді биылғы қыркүйек айынан бастап аптасына 2–3 рет орындау көзделіп отыр, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар Urumqi Air өкілдері Астана халықаралық әуежайын Еуропа бағытындағы рейстер үшін транзиттік авиациялық хаб ретінде пайдалану мүмкіндігіне қызығушылық білдірді.

Тараптар халықаралық бағыттар желісін кеңейту әлеуетін, ынтымақтастықтың негізгі шарттарын және халықаралық әуе қатынасын одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында жаңа бағытта пайдаланылуы жоспарланған әуе кемесіне де ерекше назар аударылды.

– Әңгіме Қытайда өндірілген заманауи өңірлік жолаушылар ұшағы – Comac C909 туралы болып отыр. Рейстер іске қосылған жағдайда, бұл әуе кемесі алғаш рет Астана халықаралық әуежайына тұрақты рейстер орындайтын болады, – деп мәлім етті әуежайдың баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, Астана халықаралық әуежайы халықаралық бағыттар санын көбейту, шетелдік әуе компанияларымен ынтымақтастықты нығайту және жолаушылар мен транзиттік тасымалды дамыту жұмыстарын жалғастырып келеді.

Urumqi Air 2014 жылы құрылған. Компанияның негізгі базасы Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданындағы Үрімжі қаласында орналасқан. Әуе компаниясы ішкі және халықаралық бағыттар бойынша 50-ден астам рейс орындайды. Оның әуе паркінде 15 ұшақ бар, оның ішінде Boeing 737 және Comac C909 әуе кемелері пайдаланылады.

Айта кетейік, түркиялық әуе компания да Қазақстанға тікелей рейстер ашады.