Қытай Аустралиядан импортталатын сиыр етіне қосымша баж салығын енгізеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Сауда министрлігі сенбіден бастап Аустралиядан импортталатын сиыр етіне қолданыстағы тарифтерге қосымша 55 пайыздық баж салығы енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Фото: Алтай ақпараты

Қытай 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап сиыр етінің импортына қатысты қорғау шараларын енгізген болатын. Бұл шаралар жекелеген елдер үшін белгіленген квоталар арқылы жүзеге асырылады. Белгіленген көлемнен артық импортталған өнімге қосымша баж салығы салынады.

Ережеге сәйкес, қандай да бір елдің экспорт көлемі жылдық квотаға жеткеннен кейінгі үшінші күннен бастап сол елден жеткізілетін сиыр етіне 55 пайыз көлемінде қосымша тариф қолданылады.

Министрліктің мәліметінше, 18 маусымда Аустралиядан әкелінген сиыр еті белгіленген квотаның 100 пайызына жеткен.

Қытай Сауда министрлігі мен Бас кеден басқармасы экспорттаушы елдің сиыр еті квотасы 50 және 80 пайызға жеткен кезде арнайы хабарлама жолдайды. Ал квота толық игерілген жағдайда қосымша тарифтердің енгізілетіні туралы ресми мәлімдеме жарияланады.

Бұған дейін Қытай Африка елдерінен баж салығын алып тастайтынын жазғанбыз.