Қытай Айға адам қондыру жоспарын таныстырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Айды адамның қатысуымен зерттеу бағдарламасы аясында «екі рет ұшыру, Ай орбитасында жақындасу және түйістіру» әдісін қолдануды жоспарлап отыр. Қазір Айға адам қондыруға дайындық жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Фото: Синьхуа

Қытайдың адам қатысатын ғарыш бағдарламасы бас конструкторының орынбасары әрі Айды зерттеу бағдарламасының бас конструкторы Ван Сян бұл жоспарды Бейжіңде өткен адам қатысатын ғарыштық ұшулар жөніндегі VII ғылыми симпозиумда таныстырды.

Жоспарға сәйкес, екі зымыран Айға қонуға арналған «Ланьюэ» модулін және «Мэнчжоу» басқарылатын ғарыш кемесін Жер мен Ай арасындағы ауыспалы орбитаға бөлек-бөлек шығарады. Одан кейін екі аппарат Ай орбитасында жақындасып, түйіседі. Ғарышкерлер «Мэнчжоу» кемесінен «Ланьюэ» қону модуліне ауысып, Ай бетіне түседі. Сол жерде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

Ван Сянның айтуынша, бұл тәсіл Қытайдың қазіргі техникалық мүмкіндіктері мен инфрақұрылымына толық сәйкес келеді. Сондай-ақ ғарыш кемесі мен Айға қону модулін бөлек әзірлеу аппараттарды жасауды біріздендіруге және ұзақ мерзімді көлік құралдары желісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қазір негізгі ғарыш аппараттарын – «Чанчжэн-10» зымыран-тасығышын, «Мэнчжоу» басқарылатын кемесін және «Ланьюэ» қону модулін әзірлеу жұмыстары тұрақты әрі сәтті жүріп жатыр.

Ол Айға адам қондыру мен оны автоматты аппараттар арқылы зерттеу миссияларының негізгі технологиялар, инфрақұрылым және кадрлық қамтамасыз ету тұрғысынан ортақ тұстары көп екенін атап өтті. Сондай-ақ «Чанъэ» Айды зерттеу бағдарламасы аясында қол жеткізілген нәтижелер адам қатысатын миссияны жүзеге асыруға берік негіз болатынын айтты.

Айта кетейік, жуырда Үндістанның жаңа буын жерсерігін ғарышқа ұшырғаны хабарланды.