Қытайдың орталық және халықаралық деңгейдегі жетекші медиа платформалары Мемлекет басшысының сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейінің көрінісі ретінде бағалап, Президенттің жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бастамаларына ерекше назар аударды.
Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің ресми басылымы — «Жэньминь жибао» (人民日报) газеті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздері туралы материал жариялады. Басылым Қазақстан Президентінің Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысу үшін Қытайға келгенін атап өтіп, екі ел басшыларының қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму перспективалары жөніндегі пікір алмасуына кеңінен тоқталған.
«Жэньминь жибао» Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің тұрақты дамып келе жатқанын, сондай-ақ екі елдің «алтын отыз жылдықтың» жаңа кезеңін бірлесіп қалыптастырып жатқанын атап көрсетті.
Қытайдың бас мемлекеттік ақпарат агенттігі — «Синьхуа» Президенттің сапарына арналған бірнеше мақала жариялады. Агенттік Мемлекет басшысының Қытайға сапарының ресми бағдарламасын, Қытай басшысымен келіссөздерін және Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясындағы сөзін жан-жақты қамтыды.
«Синьхуа» Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз сөзінде Қазақстанның жасанды интеллект технологияларын дамытуға және оны мемлекеттік басқару, өнеркәсіп, көлік пен білім беру салаларына енгізуге басымдық беріп отырғаны жөніндегі сөзін келтірді. Сондай-ақ басылым Президенттің халықаралық қауымдастықтың жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға қатысты ұстанымына назар аударды.
Қытайдың мемлекеттік телерадио корпорациясы — CCTV Мемлекет басшысының Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу салтанатындағы сөзінен арнайы бейнематериалдар жариялады. Қытайлық аудитория Президенттің сөзінің қазақ және қытай тілдеріндегі үзінділерімен танысты.
Қытайдың ірі халықаралық медиаларының бірі — China News Service (中新社) әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинге қытай тілінде алғыс білдірген сәтін бөлісті. Бейнематериалдар аз уақыт ішінде көп қаралым жинап, әлеуметтік желі қолданушылары жылы пікір жазып жатыр.
Сонымен қатар China News Service Президенттің Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясындағы сөзінің қытай тіліндегі кіріспесін жеке бейнеролик ретінде жариялады. Онда Мемлекет басшысы конференцияны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, форумның жаһандық жасанды интеллект саласындағы диалогты дамытудағы маңызын атап өткен.
Қытайдың халықаралық бағыттағы Phoenix TV (凤凰卫视) телеарнасы Қазақстан Президентінің жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастық пен жаһандық басқару мәселелеріне қатысты көзқарасына кеңінен тоқталды. Арна Қазақстанның цифрлық трансформация және жасанды интеллектті дамыту саласындағы бастамаларын атап өтті.
Ал Гонконгтағы жетекші қытай тіліндегі басылымдардың бірі — Wen Wei Po (文匯報) Президенттің Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясындағы баяндамасын жариялап, Қазақстанның жасанды интеллект технологияларын дамыту стратегиясына және цифрлық экономиканы ілгерілету жөніндегі жоспарларына назар аударды.
Қытайлық бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарында Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ұмтылысы, елдің цифрлық трансформация бағытындағы бастамалары және Қазақстан мен Қытай арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогтың қарқынды дамуы кеңінен көрініс тапты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапары Қытай қоғамының ғана емес, халықаралық медиа кеңістіктің де назарын аударып, Қазақстанның өңірлік және жаһандық деңгейдегі маңызды бастамаларына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйлегенін хабарлағанбыз