Қытай билігі су тасқынынан зардап шеккен Гуйчжоу провинциясына 100 млн юань бөлді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Мемлекеттік даму және реформалар комитеті сәрсенбі күні Гуйчжоу провинциясында табиғи апаттардың зардаптарын жоюға көмек ретінде 100 млн юань (шамамен 13,95 млн АҚШ доллары) бөлінетінін хабарлады, деп жазады Синьхуа.
Гуйчжоу провинциясында болған жойқын су тасқынына байланысты Қытайдың Табиғи апаттардың алдын алу, зардаптарын азайту және зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі мемлекеттік комитеті сейсенбі күні төртінші деңгейдегі төтенше әрекет ету режимін енгізді.
Мемлекеттік даму және реформалар комитеті мәліметінше, бөлінген қаржы провинциядағы маңызды инфрақұрылым мен қоғамдық қызметтерді қалпына келтіруге жұмсалады. Атап айтқанда, жолдар, су тасқынына қарсы жүйелер, медицина мекемелері мен білім беру ұйымдары қалпына келтіріледі.
Сонымен қатар, ведомствоның хабарлауынша, өндірістік және тұрмыстық жағдайды мүмкіндігінше тез қалыпқа келтіру үшін Гуандун (Оңтүстік Қытай) және Хунань (Орталық Қытай) провинцияларына қосымша 100 млн юань бөлінген.
Еске сала кетейік, Қытайда су тасқынына байланысты төтенше жағдайларға әрекет етудің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады, мұнда 1-деңгей — ең жоғарысы болып саналады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында болған күшті су тасқыны салдарынан 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды.
Кеше Гуйчжоу провинциясында тасжол көпірі құлап, жүк көлігінің жүргізушісі қираған көпірде ілулі тұрған көлік кабинасында қалып қойғанын хабарлаған едік.