Министрліктің мәліметінше, сенбіден келесі сәрсенбіге дейін елдің шығысындағы Шанхай қаласында, сондай-ақ Цзянсу, Чжэцзян, Аньхой, Фуцзянь және Цзянси провинцияларында нөсер жауын жауады деп болжанып отыр. Қатты жауын-шашын салдарынан бірқатар өзенде су деңгейі күрт көтерілуі мүмкін.
Министрлік жергілікті билік органдарына мониторингті күшейтіп, өзендер мен су қоймаларындағы су тасқынының, сондай-ақ таулы аймақтардағы селдің алдын алу үшін су шаруашылығы нысандарын тиімді басқаруды тапсырды.
Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы жұма күні кешке «сары» деңгейлі ескерту жариялады. Болжам бойынша, «Долфин» жексенбі мен дүйсенбі аралығында Қытайдың шығыс жағалауына – Чжэцзян провинциясына немесе Фуцзянь провинциясының солтүстігіне жетуі мүмкін.
Ұлттық метеорологиялық орталықтың бас синоптигі Сюй Инлунның айтуынша, шілде айында Қытайға соққы берген «Бави» тайфунымен салыстырғанда, «Долфин» күштірек жел мен мол жауын-шашын әкелуі ықтимал.
Маман табиғи апаттың ықпалына түсуі мүмкін Шығыс Қытай мен елдің басқа өңірлерінде тайфун салдарын жоюға дайындықты бірінші кезекке қойып, қатты жел, нөсер және қайталама табиғи апаттарға қарсы алдын алу шараларын қабылдау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар жұма күні Қытайдың Су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес жөніндегі мемлекеттік бас штабы Чжэцзян және Фуцзянь провинцияларындағы су тасқынына байланысты төтенше әрекет ету деңгейін төртіншіден үшіншіге көтерді.
Сол күні орталық үкіметтің бірнеше ведомствосы мен өңірлік билік органдары өкілдерінің қатысуымен бірлескен кеңес өтті. Онда жағдайдың ең күрделі сценарийіне жан-жақты дайындалу, қауіпті аймақтардағы тұрғындарды эвакуациялау және өзендер мен көлдердегі су тасқынына қарсы шараларды күшейту тапсырылды, деп хабарлады Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару министрлігі.
Министрліктің болжамынша, «Долфин» тайфуны елдің шығыс, орталық және солтүстік өңірлеріне аса қатты жауын-шашын әкелуі мүмкін. Бұл таулы аймақтарда сел жүру, геологиялық апаттар, шағын және орта өзендердің тасуы, сондай-ақ қалаларды су басу қаупін арттырады.
Айта кетейік, Қытайда су тасқынына қарсы төтенше әрекет етудің төрт деңгейлі жүйесі қолданылады. Оның ішінде бірінші деңгей – ең жоғары қауіп деңгейі.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қытайда «Долфин» тайфунына байланысты табиғи апат қаупі күшейгенін жаздық.