Қытай екі жаңа жер серігін сәтті ұшырды

Фото: armenpress

АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбі күні Қытай елдің оңтүстігіндегі Хайнань арал провинциясында орналасқан Вэньчан ғарыш айлағынан екі жаңа жер серігін сәтті ұшырғаны белгілі болды. Бұл туралы Синьхуа жазды.

«Шицзянь-29А» және «Шицзянь-29Б» атты жер серіктері «Чанчжэн-7A» зымыран-тасығышының көмегімен Бейжің уақыты бойынша сағат 06:40-та ұшырылып, жоспарланған орбиталарына сәтті шығарылды.

Жаңа жер серіктері негізінен ғарыш нысандарын анықтауға арналған жаңа технологияларды сынақтан өткізу үшін пайдаланылады деп жоспарланған.

Аталған ұшырылым «Чанчжэн» зымыран-тасығыштар тобы үшін 623-ші ұшырылым болды.

Бұдан бұрын Қытайдың «Чанчжэн-6А» зымыран-тасығышы жергілікті уақытпен 11 мамырда орбитаға үш электромагниттік бақылаушы «Яогань-40-02» жер серігін ұшырғанын жазған болатынбыз.