Қытай экспорты өсті: АҚШ нарығы қысқарса да, Азия мен Африка бағыты қарқын алды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-қа жеткізу көлемінің төмендеуіне қарамастан, Қытай экспорты өсу динамикасын көрсетіп отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі ҚХР-дың Бас кеден басқармасына сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні жарияланған кеден мәліметтеріне сәйкес, маусым айында Қытай экспорты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,2%-ға өсті, ал импорт 2,3%-ға артты.
Сыртқы сауда серіктестері арасында ең үлкен өсім АСЕАН елдерімен (Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің қауымдастығы) саудада тіркелді – 9,6% (шамамен 513,4 млрд доллар). Одан кейінгі орындарда:
Еуропалық Одақ – 3,5% (шамамен 395,1 млрд доллар),
ОПОП (Бір белдеу – бір жол бастамасына қатысушы мемлекеттер) – 4,7% (шамамен 1,58 трлн доллар),
Африка елдері – 14,4% (шамамен 165,3 млрд доллар) өсіммен.
Сонымен бірге, Құрама Штаттармен тауар айналымы 9,3%-ға азайып, 2,08 трлн юаньды (291,3 млрд доллар) құрады.
Басқарма өкілдері сыртқы сауда құрылымында оң өзгерістерді де атап өтті: жоғары технологиялы өнімдердің үлесі 9,2%-ға артса, қытайлық брендтердің экспорттағы үлесі 32,4%-ға жеткен.
Алты айлық нәтижелерді қорытындылаған ҚХР Бас кеден басқарсы басшысының орынбасары Ван Линцзюнь Қытайдың сыртқы сауданы тұрақты дамытуға қажетті барлық ресурстары мен мүмкіндіктері бар екенін атап өтті. Ол негізгі факторлар ретінде нарық құрылымының әртараптандырылуын, жоғары инновациялық деңгейді, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін және экспортқа бағытталған кәсіпорындардың икемділігін атады.
Бұған дейін Қытай мен Орталық Азия елдерінің тауар айналымы 95 млрд долларға жеткені хабарланған болатын.
Қазақстан арқылы Әзербайжанға транскаспий бағыты бойынша Қытайдан алғашқы пойыз аттанғанын жазған едік.