Құжатқа сәйкес, виза рәсімдеу кезінде немесе шекаралық бақылаудан өту барысында жалған не шындыққа сәйкес келмейтін мәлімет ұсынған шетел азаматтарына Қытайға бір жылдан бес жылға дейін кіруге тыйым салынуы мүмкін.
Сондай-ақ жаңа ережелер экспорттық бақылау мен технологиялар айналымына қатысты талаптарды бұзып, әрекеті мемлекеттің өнеркәсіптік немесе технологиялық қауіпсіздігіне қатер төндіретін Қытай азаматтарының елден шығуына шектеу қоюды көздейді.
Бұдан бөлек, Қытай билігі азаматтарды құжат рәсімдеу кезінде және мемлекеттік шекарада қауіпті өңірлерге сапар шегудің тәуекелі туралы алдын ала ескертіп, қауіп деңгейі ең жоғары аймақтарға барудан бас тартуға шақырады.
Жаңа регламент көші-қон саласында қызмет көрсететін ұйымдарға қойылатын талаптарды да күшейтеді. Делдалдық қызмет көрсететін агенттіктер тіркелгеннен кейін 15 күн ішінде иммиграциялық органдарда есепке тұруға міндетті. Ал шетелдік компанияларға Қытай аумағында мұндай қызмет көрсетуге тікелей тыйым салынады.
Бұған дейін Қазақстаннан Қытай мен Өзбекстанға жаңа рейстер ашылатынын жаздық.