Қытай Филиппинді Оңтүстік Қытай теңізіндегі арандатушылық әрекеттерді тоқтатуға шақырды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Филиппинді Оңтүстік Қытай теңізіндегі арандатушылық әрекеттер мен шиеленісті күшейтетін қадамдарды дереу тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Синьхуа .

Фото: Adrian Portugal, Reuters

Қытай жағалау күзетінің ресми өкілі Цзян Люэнің мәлімдеуінше, Филиппин тарапы Қытайдың ескертуіне қарамастан, бейсенбі күні Оңтүстік Қытай теңізіндегі Жэньай рифі маңында тұрған филиппиндік кемеге жүк жеткізу үшін жабдықтау кемесін жіберген.

Қытай тарапы бұл әрекетті Филиппиннің бұрын алған міндеттемелерін бұзуы деп бағалап отыр.

– Қытай жағалау күзеті заңға сәйкес филиппиндік жабдықтау кемесін бақылауға алып, дауыс зорайтқыш арқылы ескерту жасады. Филиппин тарапының арандатушылық әрекеттері мен мәселені ушықтыруы Оңтүстік Қытай теңізіндегі тараптардың іс-қимылы туралы декларацияны елеулі түрде бұзып, өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа нұқсан келтірді, – деді Цзян Люэ.

Оның айтуынша, Қытай жағалау күзеті бұдан әрі де Наньша архипелагында, соның ішінде Жэньай рифі мен оған іргелес теңіз аймақтарында заңға сәйкес құқық қорғау операцияларын жүргізеді.

Қытай тарапы жағалау күзеті елдің аумақтық егемендігін, сондай-ақ теңіздегі құқықтары мен мүдделерін қорғауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, АҚШ-та Қытайды қауіп деп санайтындар азайған.