Қытай ғалымдары жойқын жер сілкінісін болжады ма - сейсмология институтының жауабы

Фото: Фото: freepik.com

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы (бұрынғы сейсмология институты) желіде тараған жойқын жер сілкінісі туралы ақпаратқа байланысты мәлімдеме жасады.

Ғылыми орталықтың мәліметінше, желідегі ақпаратқа Қытай ғалымдарының жойқын жер сілкінісін болжауы себеп болған. Бірақ қазақстандық сейсмологтар бұл болжамның елімізге тікелей қатысы жоқ екенін ескертті. 

- Пекин жер сілкінісі агенттігі, атап айтқанда Чжу Хунбин бастаған ғалымдар тобы шамамен 30-40 жылда бір рет магнитудасы 8 немесе одан да көп күшті жер сілкіністері болатын цикл туралы болжам жасады. Осы мәліметтерге сүйене отырып, ғалымдар тобы цикл қазір басталып жатқан шығар деп болжайды. Зерттеуде айтылған аймақтың Қазақстанға еш қатысы жоқ. Өйткені бұлар Қытайдың Сыучань және Юньнань аймақтары, Лонгменьшань жарылым аймағында, яғни жақында жойқын жер сілкінісі болған Мьянмаға жақын жерде. Ол аймақ Қазақстаннан мыңдаған шақырым жерде. Бұл өте алыс және басқа сейсмикалық аймақ, - деп хабарлады ғылыми орталық.

Сонымен қатар сейсмология институтының мәлімдемесіне сәйкес, еш жағдайда ғалымдардың зерттеулерін және болжамдарын нақты мәлімет деп қарастыруға болмайды. Ұлттық ғылыми орталық азаматтарды дүрбелеңге түспеуге және әлеуметтік желідегі ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға шақырды.

- «Қытай ғалымдары 8 балдан жоғары жер сілкінісін болжады» деген тақырыптарды сенімсіз және адастыру деп атауға болады, - деп мәлімдеді институт.

Еске салайық, наурыз айының соңында Жамбыл облысында бірнеше рет жер дүмпуі болды. 

Дәл сол уақыттарда Мьянмада 7,9 балдық жер сілкінісі тіркелді.

Осыған орай біз Қазақстан мен Оңтүстік-шығыс Азияда болған жер сілкінісінің байланысы туралы жазғанбыз.