Қытай ғарышқа 647-ші «Чанчжэн» миссиясын аттандырды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай дүйсенбі күні елдің солтүстік-батысындағы «Дунфэн» коммерциялық ғарыштық ұшырулар аймағынан «Чанчжэн-12B Y1» (Long March-12B Y1) зымыран-тасығышын сәтті ұшырды, деп хабарлайды Синьхуа.

Фото: Синьхуа

Зымыран Бейжің уақыты бойынша сағат 16:40–та көкке көтеріліп, коммерциялық интернет қызметін көрсетуге арналған «Цяньфань» (Spacesail) спутниктер тобын белгіленген орбитаға шығарды. Миссия толықтай сәтті аяқталды.

Бұл — «Чанчжэн-12B Y1» зымыранының алғашқы ұшырылымы әрі «Чанчжэн» сериясындағы зымырандардың 647-ші миссиясы.

Фото: Синьхуа

Қытайдың аэроғарыш ғылымы мен техникасы корпорациясының (CASC) мәліметінше, «Чанчжэн-12B Y1» — қайта пайдалануға болатын жаңа буындағы коммерциялық зымыран. Бұл жолы бірінші сатыны қайтару сынағы жүргізілмегенімен, мұндай сынақ алдағы уақытта жоспарланып отыр.

Зымыран екі сатылы құрылымнан тұрады. Оның ұзындығы шамамен 72 метр, корпус диаметрі 4,37 метр, ал бас бөлігінің диаметрі 5,2 метр.

Фото: Синьхуа

Бірінші сатысы сұйық оттегі мен керосинмен жұмыс істейтін тоғыз қозғалтқышпен жабдықталған. Зымыран төменгі Жер орбитасына шамамен 20 тонна жүк шығара алады және әртүрлі орбиталық міндеттерді орындауға бейімделген.

CASC өкілдерінің айтуынша, бұл ұшырылым Қытайдың интернет-спутниктердің ірі топтамаларын қалыптастыруға арналған коммерциялық зымырандар паркін толықтырған маңызды оқиға болды.

Бұған дейін Қытайда пошта жөнелтімдерін сұрыптауға роботтар тартылғанын жазғанбыз.