Спутниктер Бейжің уақытымен сағат 16:52-де «Чанчжэн-8А» (Long March-8A) зымыран-тасығышының көмегімен ғарышқа жіберіліп, белгіленген орбитасына сәтті шығарылды. Бұл Қытайдың төмен орбиталық интернет спутниктері шоқжұлдызының 23-тобы болды.
Ұшыру Хайнань провинциясындағы коммерциялық ғарыш айлағынан жүзеге асырылды. Бұл нысан Қытайдың коммерциялық ғарыш бағдарламасын дамытудағы негізгі алаңдардың бірі саналады және спутниктерді жиі әрі жедел ұшыруға арналған.
«Чанчжэн-8А» – Қытайдың жаңа буындағы зымыран-тасығыштарының бірі. Ол төмен орбитаға спутниктердің ірі топтарын шығаруға бейімделген және елдің ауқымды спутниктік интернет желісін қалыптастыру бағдарламасында маңызды рөл атқарады.
Қытай соңғы жылдары төмен орбиталық спутниктер шоқжұлдызын қарқынды қалыптастырып келеді. Бұл жоба шалғай өңірлерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге, байланыс сапасын жақсартуға және ғарыштық байланыс қызметтерін кеңейтуге бағытталған. Сарапшылар оны әлемдік спутниктік интернет нарығындағы негізгі жобалардың бірі деп бағалайды.
Еске сала кетсек, 14 шілде күні Байқоңырдан «Союз МС-29» ғарыш кемесі ұшырылғанын хабарладық.
Ал ғарыш обсерваториясын құтқару операциясы аясында NASA орбитаға алғашқы роботын ұшырды.