Қытай гуманоид роботтары мен жасанды интеллектіні стандарттауды бекітті

Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай адамға ұқсас роботтар мен жасанды интеллектіні қамтитын алғашқы ұлттық стандарттар жүйесін бекітті, деп хабарлайды Синьхуа.

Басылымның жазуынша, Бейжіңде өткен гуманоид роботтар мен жасанды интеллектіні (HEIS) стандарттау жөніндегі жыл сайынғы кеңесте таныстырылған жүйе алты негізгі құрамдас бөліктен тұрады:

базалық әмбебаптық;
миға ұқсас және зияткерлік есептеулер;
аяқ-қолдар мен компоненттер;
дайын машиналар мен жүйелер;
қолдану саласы;
қауіпсіздік және этика.

Бұл жүйе Қытай Халық Республикасының Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігі жанындағы HEIS техникалық комитетінің жетекшілігімен 120-дан астам ғылыми-зерттеу мекемесі, кәсіпорындар мен өнеркәсіптік пайдаланушылардың бірлесуі арқылы әзірленген.

Комитет өкілінің түсіндіруінше, ми жұмысына ұқсас зияткерлік есептеу стандарттары жасанды интеллектінің «миы мен мишығына» қатысты маңызды техникалық талаптарды қамтиды.

Атап айтқанда, олар деректердің бүкіл өмірлік циклін, сондай-ақ модельдерді оқыту және енгізу процестерін реттейді.

Қолдану стандарттары гуманоид роботтарды әртүрлі сценарийлерде әзірлеу, пайдалану және техникалық қызмет көрсету тәртібін айқындайды. Ал қауіпсіздік пен этика стандарттары технологиялық эволюцияның талаптарына сәйкестікті қамтамасыз ете отырып, өнеркәсіптің бүкіл өмірлік циклін қамтиды.

Басылым атап өткендей, бұл стандарттау жүйесі 2025 жылы Қытайдағы гуманоид роботтар индустриясы айтарлықтай өсім көрсеткеннен кейін қабылданды. Саланы орталық және жергілікті билік органдары орта және ұзақ мерзімді жоспар аясында стратегиялық бағыт ретінде қарастырып отыр.

ҚХР Өнеркәсіп және ақпараттандыру министрлігінің деректеріне сәйкес, өткен жыл Қытайда гуманоид роботтарды жаппай өндірудің алғашқы жылы саналады: 140-тан астам отандық өндіруші 330-дан аса түрлі модель шығарған.

— Жаңа стандарттар жүйесі қарқынды дамып келе жатқан бұл сала үшін маңызды бағдарға айналып, бірыңғай техникалық талаптар мен қауіпсіздік хаттамалары арқылы сапалы дамуға серпін береді деп күтілуде, — делінген хабарламада.

Айта кетелік Қытайдың гуманоид роботтары Орталық Азия нарығына бет алғаны туралы жазған едік.