2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Қытай халықаралық ынтымақтастық аясында АҚШ-қа екі алып панда жібереді

АСТАНА. KAZINFORM — Жақын арада Пинпин және Фушуан есімді алып екі панда АҚШ-қа аттанады. Бұл қадам алып пандаларды қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Синьхуа.

Фото: Синьхуа

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бұл туралы бейсенбі күні АҚШ-қа мемлекеттік сапары аясында Ақ үйде өткен қарсы алу рәсімінде мәлімдеді. Оның айтуынша, бірнеше күннен кейін Пинпин мен Фушуан Атланта хайуанаттар бағында орналасып, америкалық көрермендерге таныстырылады.

Өткен жылы Қытайдың жабайы табиғатты қорғау қауымдастығы мен Атланта хайуанаттар бағы алып пандаларды қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған.

Келісімге сәйкес, Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының Чэнду қаласындағы алып пандаларды зерттеу және өсіру базасында тәрбиеленген Пинпин атты еркек және Фушуан атты ұрғашы панда бамбук аюларын қорғау жөніндегі 10 жылдық ынтымақтастық бағдарламасы аясында АҚШ-қа жіберіледі.

Екі пандаға барынша қолайлы жағдай жасау үшін америкалық тарап қытайлық мамандардың техникалық қолдауымен олардың вольерлерін жаңартып, жаңғыртудан өткізді.

Пандалар Қытай мен АҚШ арасындағы достықтың символына айналды

Қытай мен АҚШ-тың алып пандаларды қорғау саласындағы байланысының тарихы ұзақ жылдарға созылады. 1972 жылғы сәуірде АҚШ-тың сол кездегі президенті Ричард Никсонның сол жылдың ақпанында Қытайға жасаған сапарынан кейін Линлин және Синсин есімді екі панда АҚШ-қа жеткізілген.

Оларды жаңбырға қарамастан 8 мыңнан астам америкалық қарсы алған. Линлин мен Синсин көпшілікке көрсетіле бастаған алғашқы айда миллионнан астам адамды хайуанаттар бағына жинаған. Осылайша алып панда Қытай мен АҚШ халықтарының арасындағы достықты нығайтатын маңызды байланысқа айналды.

Қытай мен АҚШ-тың алып пандаларды қорғау саласындағы ынтымақтастығы Қытайдың жабайы табиғатты қорғау бағытындағы ең ұзақ әрі ауқымды халықаралық бастамаларының бірі саналады. 1994 жылы Қытайдың жабайы табиғатты қорғау қауымдастығы мен Сан-Диего хайуанаттар бағы өкілдері келісімге қол қойып, алып пандаларды қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізін қалады.

Соңғы үш онжылдықта тараптар пандалардың мінез-құлқы, қоректенуі, генетикасы және аурулардың алдын алу сияқты маңызды бағыттар бойынша бірлескен зерттеулер жүргізіп, оларды көбейту әдістерінде елеулі жетістіктерге қол жеткізді.

Осы ынтымақтастықтың нәтижесінде АҚШ-тағы пандалар 17 бөлтірікті дүниеге әкеліп, өсіріп шығарды. Оның алтауы Сан-Диегода, төртеуі Вашингтонда, тағы жетеуі Атлантада дүниеге келген.

2024 жылы Қытай мен АҚШ бұл саладағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін бастап, содан бері алып пандалар АҚШ-қа кезең-кезеңімен жеткізіліп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңі пандалар арасында кең таралған аурулардың алдын алу мен емдеуде, сондай-ақ ғылыми-техникалық алмасуда жаңа нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл жаһандық биоалуантүрлілікті қорғауға және Қытай мен АҚШ халықтары арасындағы достықты нығайтуға үлес қоспақ.

Еске салсақ, кеше ҚХР төрағасы Си Цзиньпин АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйде Қытай басшысының АҚШ-қа үш күндік мемлекеттік сапарына орай ұйымдастырған қарсы алу рәсіміне қатысты.