Қытай Иранның егемендігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғуға қарсы
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Израильдің Иранға жасаған соққысына алаңдаушылық білдіріп, мұндай әрекеттердің салдары өте ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы жұма күні өткен брифинг барысында ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь мәлімдеді.
– Қытай Израильдің Иранға жасаған соққысына алаңдаулы және бұл әрекеттердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертеді. Қытай тарапы Иранның егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ қайшылықтарды ушықтырып, қақтығыстың ауқымын кеңейтуге үзілді-кесілді қарсы, – деп келтіреді Xinhua Қытай СІМ өкілінің сөзін.
Оның айтуынша, аймақтағы жағдай қайта шиеленісіп отыр, бұл ешбір тараптың мүддесіне сай келмейді.
Бұдан әрі ол Қытайдың барлық мүдделі тараптарды өңірлік бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге және шиеленістің одан әрі ушығуына жол бермеуге шақыратынын атап өтті.
– Қытай жағдайды тұрақтандыруға бағытталған күш-жігерге конструктивті түрде қатысуға дайын, – деді дипломат.
Бұған дейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де өз мәлімдемесін жасаған болатын.