Қытай Канада азаматына қатысты өлім жазасы үкімінің күшін жойды

Фото: South China Morning Post

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Халық Республикасының Жоғарғы халық соты есірткі контрабандасы үшін сотталған Канада азаматына қатысты өлім жазасы туралы үкімнің күшін жойды, деп хабарлайды South China Morning Post.

ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь дүйсенбі күні өткен баспасөз мәслихатында сот органдарының тәуелсіз әрекет ететінін және шешім ұлттық заңнамаға қатаң сәйкес қабылданғанын атап өтті.

Канада Сыртқы істер министрлігі Қытай тарапының шешімі туралы хабардар екенін растады.

Ведомство Роберт Ллойд Шелленберг пен оның отбасына консулдық қолдау көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді, алайда істің мән-жайына қатысты жан-жақты түсініктеме беруден бас тартты.

Еске салайық, Роберт Ллойд Шелленберг 2014 жылы ұсталған. 2018 жылы ол 15 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Алайда 2019 жылы апелляциядан кейін жаза өлім жазасына ауыстырылған.

Гонконг басылымының жазуынша, үкімді қайта қарау Канада мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың біртіндеп қалыпқа келуі және Оттава мен Пекин арасындағы жоғары деңгейдегі диалогтың қайта жандануымен тұспа-тұс келіп отыр.

Бұған дейін Канада премьер-министрі сегіз жылдық үзілістен кейін Қытайға алғаш рет ресми сапармен баратыны хабарланған болатын.