Қытай - Қазақстан достығы: Орталық Азия саммитінің желкенін керіп, адамзаттың ортақ тағдыры атты кемені жүздірейік

Фото: Gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM – «Қытай–Орталық Азия» саммит Астанада екінші рет өткізілмек. Оған Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатысады. Біз Си Төрағаны Қазақстанда үлкен үмітпен және ыстық ықыласпен қарсы аламыз. Бұл саммит – Орталық Азия елдерімен бірге адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығын құруға және ортақ өркендеуге қол жеткізуге бағытталған маңызды қадам.

Қос тарапта сауда-саттық көлемі жыл сайын артып, ауыл шаруашылығы өнімдері мен шикізат ресурстары, заманауи технологиялар мен өнеркәсіп тауарлары шекара асып, нарықтарды тоғыстырып отыр. Ал қос ел арасындағы қарым-қатынас, бірлесе отырып жұмыс істеген бізге не береді? «Бір жол, бір белдеу» бастамасының елдер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін маңызы қандай? Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, ф.ғ.д., профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дүкен Мәсімханұлынан білсек.

- Дүкен Мәсімханұлы, Қытай мен Қазақстан арасындағы достыққа тоқталайықшы?

- Қазақстанның Тәуелсіздігін ең алғаш болып мойындаған мемелекеттердің бірі – Қытай Халық Республикасы. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас ресми түрде 1992 жылы қаңтарда орнады. Содан бері қарай 33 жылдық екі елдің қарым-қатынасы тек достық, тату көрші болып, күн санап, ай санап тек қана жақсы бағытта дамып келе жатыр.

Си Цзиньпин де бірнеше мәлімдемесінде «Қытай Халық Республикасы Қазақстанның аумақтық тұтастығына және тәуелсіздігіне ұлттық қауіпсіздігіне кепілдік берді»-деген. Бұның өзін достықтың үлкен шыңына жеткендегі сөз деуге болады. Бір мемлекет екінші мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне, териториясының қауіпсіздігіне кепілдік беремін деген жағдай тек қана осындай достықтың биігіне көтерілген деңгейде ғана айтылады.

Фото: Ақорда

- Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» бастамасы туралы айтыңызшы.

- Бұл әлемдік алып державалардың осындай бір әлемге қожа болу әлемдік геосаясатта лидерлік рөл атқару деген ұғым бар. Бұл бүгін болып жатқан дүние емес, тарихтан бері солай. Әлемдік қауымдастықта көшбасшылық рөлге жету мақсаты – сол елдің көптеген саяси, экономикалық мүдделері жатыр.

Себебі, әлемдік геосаясаттағы ықпалы арқылы өзінің ықпалы жүретін аймағына инвестиция саласында немесе белгілі бір деңгейде өзінің экономикалық мүдделерін түгелдеп отырады. Сондықтан бұндай әлемдік көшбасшылыққа ұмтылу, әлемдік геосаясатта ықпалды өзінің аймақтарын құру деген мәселесіне оған таңғалудың керегі жоқ. Си Цзиньпиннің бұл бастамасы «Бір белдеу, бір жол» деген бастамамен көрініс тапқанымен әлемдік геосаясатқа ықпал ету, әлемдік қауымдастықтағы көшбасшы рөліне жету баяғыдан бар дүние. Сол бастаманың жүзеге асуындағы бірінші қадам – Қазақстан. Қытай үшін көршілес жатқан мемлекеттермен серіктес болу тиісді әрі артық шығынсыз. 

Ал Қазақстанға Қытайдың инвестициясы көбірек құйылып жатса, инвесторлар көбірек осында өзінің біріккен кәсіпорындарын ашып жатса, оның бәрі Қазақстан халқына, әрбір елдімекендегі тұрғындарға жұмыс орны деген сөз. Қазақстан үшін Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы әсіресе экономикалық тұрғыдан, әлеуметтік тұрғыдан өте тиімді бастама.

- Кеше Астанада өткен саммит, «Орталық Азия – Қытай» Саммитінен не күтуге болады?

- Жалпы біздің Орта Азия аймағына Қазақстанды қамтыған, сонымен бірге Оңтүстік, Солтүстік Африка елдері, Таяу Шығыс елдері тіпті ЕуроОдақтың да жағдайы экономикалық әлеуеті қазір мәз емес. Қытайдың осындай «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қазір әлемнің біраз елдері мұқтаж. Себебі, қай елдегі қандай мемлекет басшысы болсын өзінің билік құрған кезеңінде өз елінің экономикалық әлеуетін мемлекетіндегі халықтың әл-ауқатын көтеруді ойлайды.

Елдің әл-ауқатын, экономикалық әлеуетін көтеру көп жағдайда қазіргі заманда шеттен келетін қаржылық инвестицияға тәуелді. Өйткені әр елде де қазір адамдардың еңбек күштің қымбаттаған кезі, кез-келген мемлекет өзінің еңбек күшіне өзі қанағаттанарлықтай жалақы төлей алмайды. Ондай қаржы қазір көптеген елдерден табыла бермейді. Ондай қаржылық мүмкіндіктер Қытай сияқты АҚШ сияқты алып державаларда ғана болады. Жас мемлекеттердің ондайға шамасы жете бермейді. Сондықтан Қазақстанда бар, басқа да Орта Азия елдері,Африка елдері болсын, көп жағдайда сырттан келетін инвестицияға мұқтаж.

Қытай ол жағынан әлемдік бәсекелестікте жалпы әлемдік қауымдастықтағы елдердің сұранысын дөп басып отырған және соны қаржылық тұрғыдан қанағаттандырып отырған мемлекет. Ал, Қазақстан дәл қазіргі жағдайда агробизнес, агроөнеркесіп салаларын қарқынды дамытып жатыр. Бұл ретте ұшы-қиыры жоқ, көп, мол қаржы керек. Ал бүкіл дүниежүзінде Қытай агроөнеркәсібі алда тұрған мемлекет. Оларда диханшылық, егістік саласы өте жақсы дамыған. Біздің бұл ретте Қытайдан көбірек тәжірибе алуымыз керек.