Қытай Қазақстанды референдумның сәтті өтуімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай тарапы Қазақстандағы жаңа Конституция бойынша референдумның табысты өтуімен құттықтаqды. Бұл туралы дүйсенбіде Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.
Дипломат атап өткендей, Қытай достас көрші және ұзақ мерзімді жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қазақстанның ұзақ мерзімді бейбітшілік, тұрақтылық және әлеуметтік өркендеуді қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалайды.
- Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан мемлекеттік құрылыста жаңа және одан да таңғажайып табыстарға жететініне, ал «Әділ Қазақстанды» құру бойынша амбициялы мақсаты сәтті жүзеге асырылатынына сенімдіміз, - деп атап өтті ол.
Ресми өкілдің айтуынша, Қытай тарапы екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға үнемі үлкен мән беріп, екі мемлекет басшысы қол жеткізген маңызды келісімдерді дәйекті түрде жүзеге асыру үшін Қазақстан тарапымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын.
- Біз жан-жақты, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге және Қытай-Қазақстан қарым-қатынастарын сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеруге бел байлап отырмыз, - деп түйіндеді Линь Цзянь.
Айта кетейік, 15 наурызда Қазақстанда жаңа Ата Заңның жобасы бойынша жалпыұлттық референдум өтті.
Биыл 12 ақпанда Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының қорытынды жобасы жарияланды.
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойды.
Республикалық референдумда берілген бюллетеньде «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды.
Орталық референдум комиссиясының мәліметіне қарағанда, Қазақстанда дауыс беру құқығы бар азаматтардың 73 пайыздан астамы өз таңдауын жасады.
Бірінші exit poll нәтижесіне қарағанда, референдумда халықтың 86,7%-ы жаңа Конституцияны қолдады.
Осыған дейін ШЫҰ миссиясы Қазақстандағы референдумда жастар белсенді болғанын атап өтті.