Қытай Қазақстанның аэроғарыш саласына қайтарымсыз гранттар бөлмек
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай тарапынан бөлінетін гранттар ғарыштық техника мен технологияларды дамытуға бағытталады.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов мәлім етті.
«Қытай тарапымен техника саласында ынтымақтастықты күшейту бойынша үкіметаралық келісімге қол қойылды. Осы келісімнің аясында бірнеше меморандум жасалды. Оған сәйкес Қытай тарапынан 100 млн юань көлемінде қайтарымсыз гранттар бөлінеді. Ол гранттар ғарыштық техника мен технологияларды дамытуға арналған. Ол дегеніміз астрофизика, ионосфера ғылыми институттарымыздың инфрақұрылымы жаңартылады. Сол арқылы астрофизика және басқа да салаларды жетілдіреміз деп отырмыз. Қытай ғарыш саласындағы үлкен держава, қайтарымсыз гранттар отандық ғарыш саласын дамытуға әсер етеді деп сенеміз», - деді Баубек Оралмағанбетов ведомствода өткен брифингі барысында.
Оның айтуынша, гранттар байқау арқылы тағайындалады.
Еске сала кетейік, 2 шілдеде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Астанаға мемлекеттік сапармен келді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай білім, ғылым, туризм саласында бірлескен жобалар жасайтыны туралы айтқан еді.