Қытай Қазақстанның кредиттік рейтингін жоғары бағалады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың ұлттық рейтингтік агенттігі China Lianhe Credit Rating Co., Ltd Қазақстан Республикасына «Тұрақты» болжамымен «ААА» ең жоғары тәуелсіз кредиттік рейтингін берді, деп хабарлайды ҰЭМ баспасөз қызметі.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Қазақстан Республикасының мемлекеттік борыштық құралдарын ҚХР нарығына орналастыру шеңберінде Қытай ұлттық рейтингтік агенттігі China Lianhe Credit Rating Co., Ltd елімізге және мемлекеттік облигацияларға «ААА» ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін берді. Агенттік елдің макроэкономикалық саясаты орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, инфляцияны төмендетуге және экономиканы әртараптандыруға бағытталғанын атап өтті, — делінген хабарламада.

Фото: ҰЭМ

Қазақстан прогрессивті реформаларды дәйекті түрде іске асырып келеді, соның арқасында мемлекеттік басқару тиімділігі артып жатыр.

Негізгі бағыттардың ішінде жаңа инвестициялық саясат, мемлекеттің экономикаға қатысуын қысқарту, ШОБ-ты нығайту, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен мен инфрақұрылымды дамыту атап өтілді.

Аналитиктер де мемлекеттік борыштың салыстырмалы түрде төмен деңгейіне және сыртқы борышқа қызмет көрсетудің жоғары қабілеттілігіне баса назар аударады.

Айта кетейік, «ААА» рейтингі елдің өзінің қаржылық міндеттемелерін орындау қабілеттілігі мен қолайсыз сыртқы экономикалық жағдайларға жоғары тұрақтылығын көрсетеді.

Бұған дейін Қазақстан әлемдік гастрономиялық рейтингтер картасына енгенін жазғанбыз.