Қытай керқұланды Хэланьшань қапталына қайта жерсіндірмек
АСТАНА. KAZINFORM – 1 наурызда Қытайдың Нинся-Хуэй автономиялық регионындағы Хэланьшань ұлттық табиғи қорығының баспасөз кеңсесі үш айлық бейімдеуден өткен алты керқұланның табиғатқа жіберілгенін хабарлады.
Chinanews агенттігінің хабарлауынша, ғылымда Пржевальский жылқысы деген атпен белгілі керқұлан –қазіргі күнде жабайы жылқының жер бетінде сақталған жалғыз түрі. Сондықтан ол нағыз «реликттік түр» санатына жатады және экожүйеде айрықша маңызды орын алады.
Тарихи деректерге сәйкес, ертеде түркіше Құлан тауы атанған Хэланьшань өңірінде дала тағылары жыртылып айрылған екен. Алайда әртүрлі себепке байланысты өңірде керқұландар тарпы қалмай жойылып кеткен.
2024 жылдың қыркүйек айында мамандар тобы Хэланьшань тауына арнайы экспедиция ұйымдастырып, оның солтүстік қапталын керқұландарға анағұрлым қолайлы деп ұйғарады. Олардың пікірінше, бұл өңірдің климаты мен табиғаты керқұландар тіршілік ететін Жоңғар даласымен қарайлас, сондықтан жануарлар тез бейімделіп, жерсінуге тиіс.
Қайта жерсіндіру жоспарына сәйкес, Хэланьшань қорығына үш этапта жалпы 18 керқұлан әкелінеді. Бұл шара осы аймақта жабайы жылқының тұрақты популяциясын қалыптастыруға бағытталған. Керқұланның алғашқы үйірі 2024 жылдың 3 желтоқсанында Шыңжаңдағы Қарамайлы тұяқты жануарлар қорығынан Хэланьшань қорығындағы бейімдеу орталығына жеткізілген әрі сонда үш ай бойы жаңа ортаға үйретілген.
Басылымның жазуынша, бұл жолы табиғатқа жіберілген алты керқұлан – бір айғыр және бес бие – арнайы іріктеуден өткен, жас әрі күйлі.
Алдағы бес жылда Еуропадан Қазақстанға 40 Пржевальский жылқысы әкелінетінін жазған болатынбыз.