Қытай Қырғызстанның жаңа энергия көздеріне 1 млрд долларға дейін инвестиция салуға дайын

АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстанның Ұлттық инвестициялық агенттігі мен China Energy Engineering Investment жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықты және елдегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды талқылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі тілшісі.

Фото: DALL-E

Инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қытай Қырғыз Республикасында жалпы қуаты 700 МВт-қа дейінгі электр станцияларын салуға 1 миллиард долларға дейін инвестиция салуға қызығушылық танытты, оның ішінде 500 МВт күн энергиясы, ал 200 МВт жел энергиясы болады.

Агенттік Қырғыз Республикасындағы жаңартылатын энергия көзін дамытуды басымдық ретінде қарастыратынын атап өтті.

- Біз халықаралық серіктестермен ынтымақтастыққа ашықпыз және оларды инвестициялық жобалардың барлық кезеңдерінде қолдауға дайынбыз, - делінген мәлімдемеде.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықтың нақты салаларын бірлесіп дамытуға және инвестициялық бастамаларды практикалық деңгейде қарастыруға келісті.

Біз бұған дейін Қазақстанда құны 2 млрд доллардан асатын 7 «жасыл» жоба жүзеге асатынын хабарлаған едік.