Қытай компаниялары Қазақстанда сервистік орталықтар ашуды көздейді

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың бірқатар компаниясы Қазақстанда мұнай-газ және жылу-техникалық жабдықтар өндірісін жолға қоюға, сервистік орталықтар ашуға және жергілікті инженерлерді оқытуға ниетті. Бұл бастамалар Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің Қытайға жұмыс сапары аясында талқыланды.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Министр «Бір белдеу – бір жол» энергетика жөніндегі төртінші министрлік конференциясына қатысу үшін Қытайдың Циндао қаласына барды. Сапардың алғашқы күні ол Шаньдун провинциясындағы төрт ірі өнеркәсіптік және инвестициялық компанияның өкілдерімен келіссөз жүргізді. Кездесулерге Fuhai Group, Qingdao Junpeng, Zhongxin United Energy инвестициялық платформасы және China United Northwest Institute жобалау институтының басшылары қатысты.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

Тараптар өнеркәсіптік кооперация мен өндірісті Қазақстанда оқшаулау мәселелерін қарастырды. Қытай компаниялары мұнай-газ және жылу-техникалық жабдықтар өндірісін ұйымдастыру, сервистік орталықтар ашу және қазақстандық инженерлерді даярлау жөніндегі ұсыныстарын таныстырды.

Сондай-ақ мұнай-химия өнімдерін терең өңдеу, сұйытылған табиғи газ өндіру және газ генерациясы саласындағы жобалар талқыланды. Бұдан бөлек, қатты тұрмыстық қалдықтардан энергия өндіру технологиялары мен «Атырау» арнайы экономикалық аймағында тыңайтқыштар шығару мүмкіндігі қарастырылды.

Ерлан Ақкенженов Қазақстанның инвестициялық жобаларға қоятын талаптарын атап өтті.

Оның айтуынша, ынтымақтастық шикізат саудасынан технологиялар трансферіне және өндірісті жергіліктендіруге қарай бағыт алуы керек.

Фото: ҚР Энергетика министрлігі

-Біз жаңа инвестициялық ұсыныстарды жан-жақты қарастыруға дайынбыз. Алайда біз үшін олардың ел ішіндегі нақты қайтарымы аса маңызды. Бұл – өндірісті оқшаулау, отандық сервисті дамыту, лайықты еңбекке ақы төлеу және жергілікті қамту бойынша нақты талаптарды сақтау. Атап айтқанда, тауарлар бойынша кемінде 30 пайыз, ал жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша 80 пайыз деңгейінде болуы қажет. Мұнай-химия және газ энергетикасы саласындағы барлық бастама шикізат базасы мен ішкі нарықтың басымдығын ескере отырып бағаланады, – деді министр.

Ведомство басшысы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 8,5 пайызға жеткенін айтты. Осыған байланысты ірі қалаларда қалдықтарды энергияға айналдырудың экологиялық технологияларын қолдануға қызығушылық бар. Сондай-ақ Атырау облысында химия өнеркәсібі мен агросекторды ұштастыратын жобаларды дамыту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған бастамаларды салалық сарапшылар деңгейінде одан әрі пысықтауға келісті.

26 қарашада Ерлан Ақкенженов «Бір белдеу – бір жол» энергетика жөніндегі төртінші министрлік конференциясының пленарлық отырысында сөз сөйлейді. Сондай-ақ салалық ведомстволар мен халықаралық энергетикалық компаниялардың басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізеді.

Осыған дейін Қытайдың Баоцзи қаласы Өскеменмен өнеркәсіптік байланыс орнатуға мүдделі екені туралы жаздық.