Қытай компаниялары Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция салуға қызығушылық танытып отыр

Фото: ҚР АШМ

АСТАНА. KAZINFORM — Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қызығушылық білдірген қытайлық инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесу өткізді. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – ҚХР нарығында жоғары сұранысқа ие отандық жылқы тұқымдарын экспорттау мәселесі болды.

– Бүгінгі кездесу – мал шаруашылығы мен жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам. Біздің жылқы тұқымдарымызға деген қызығушылық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады, – деп атап өтті вице-министр.

Тараптар ветеринариялық бақылау мен карантинге арналған инфрақұрылымды құру мәселелеріне ерекше назар аударды. Қытайлық инвесторлар Қазақстан аумағында ветеринариялық зертхана ашу ниетін білдірді.

Фото: ҚР АШМ

Бұл орталық ауыл шаруашылығы жануарларының елдер арасындағы қозғалысы кезінде диагностиканы және биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен айналысады. Сонымен қатар, кездесу барысында климаттың өзгеруіне байланысты және мал шаруашылығы үшін сапалы азық рационын қамтамасыз ету қажеттігі аясында өсімдіктерді жем дайындау үшін қарқынды пайдаланудың заманауи әдістері талқыланды.

– Біз Қазақстанды тұрақты ауыл шаруашылығын дамытудағы стратегиялық серіктес ретінде қарастырамыз. Зертханалар мен жем өндірісіне инвестиция – бұл біздің ортақ болашаққа қосқан үлесіміз, – деді Қытай делегациясының өкілі Ван Чжифэн.

Министрлік агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен елдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдауға және одан әрі диалогқа дайын екенін растады.

Айта кетейік, агроөнеркәсіп кешенінде құны 3,3 трлн теңге болатын 677 жоба іске асырылады.