Қытай компанияларының жаһандық жасанды интеллект нарығындағы үлесі 15%-ға жетті

Фото: China Daily

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда жасанды интеллект (ЖИ) саласында жұмыс істейтін 5,3 мыңнан астам компания бар. Олардың жиынтық үлесі жаһандық нарықта 15%-ға жетті, деп хабарлайды Синьхуа

Қытай Халық Республикасының Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясының деректеріне сәйкес, 2024 жылы ҚХР-дағы жасанды интеллект индустриясының көлемі 900 млрд юаньнан (126,7 млрд АҚШ доллары) асты. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 24%-ға көп.

— Қытайда жасанды интеллект саласында толық өндірістік тізбек қалыптасты. Ол базалық инфрақұрылымды, модель архитектурасын және салалық қолданбаларды қамтиды. Өткен жылы осы сегменттердің табысы тиісінше 54%, 18% және 13%-ға өсті, — деп атап өтті академияда.

Жылдам өсім интеллектуалды жабдықтарда да байқалады. Бұл санатқа ЖИ негізіндегі смартфондар мен компьютерлер, сондай-ақ желілік байланыс функциясы бар ақылды көлік құралдары кіреді.

ҚХР билігі цифрлық экономикадан «ақылды» экономикаға және интеллектуалды қоғамға көшуді жүйелі түрде жүзеге асыруда. Биыл «ЖИ плюс» бастамасын енгізу бойынша ұсыныстар жарияланды. Ол жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуды және ЖИ технологияларын әлеуметтік-экономикалық салаларға жеделдетіп енгізуді көздейді.

Бұған дейін біз Қытайдың жасанды интеллектіні дамытуда прагматикалық ұстанымы бар екенін, бұл туралы Ли Кай-Фу айтқанын хабарлағанбыз.