Қытай мамандықтар тізімін болашақтың талабына сай жаңартты

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР-да еңбек нарығындағы кейінгі өзгерістерді көрсететін мамандықтардың жаңартылған тізімі таныстырылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Xinhua-ға сілтеме жасап.

Фото: Xinhua

ҚХР Адам ресурстары және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесіп, 11 жаңа мамандық пен жұмыстың 23 түрінен тұратын тізімді жариялады. Бұл — 2019 жылдан бергі сегізінші жаңарту.

Төмен әуе кеңістігіндегі экономика саласында дрондар тобының ұшуын жоспарлаушылар, дрондармен жүк тасымалдау мамандары және дрондар мен шағын ұшу аппараттарының интеллектуалды байланыс жүйелерін басқарушылар пайда болды.

Цифрлық экономика саласына ЖИ жөніндегі инженер-техник мамандар және шағын электр желілерін басқарушылар қосылды.

Сала сарапшылары бұл жаңартуларды еңбек нарығының «барометрі» санайды, өйткені олар Қытайдағы өнеркәсіптік түлеудің қарқынын айқын көрсетіп тұр. 

— Жаңа кәсіптердің пайда болуы — технологияларды қолданудың жаңа бағыттарына, нарықтағы тың өзгерістер мен тұтынушылардың жаңа сұраныстарына берілген тікелей жауап, — деді Халықаралық бизнес және экономика университеті жанындағы Қытай ашық экономикасын зерттеу академиясының ғылыми қызметкері Ли Чанъань.

Zhaopin онлайн-жұмысқа орналастыру платформасының вице-президенті Ли Цянның айтуынша, жаңа мамандықтардың пайда болуы Қытай өнеркәсіп жүйесінің жоғары технологиялы, ақылды және экологиялық таза бағытқа бет бұрып келе жатқанын аңғартады.

Бұған дейін Қытайдың жоғары оқу орындарында ЖИ сұраныс өте жоғары мамандықтардың біріне айналғанын хабарланғанбыз.