Қытай мен АҚШ есірткіге қарсы ынтымақтастықты нығайтады

Фото: ЕРA/UPG

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай мен АҚШ есірткіге қарсы күрес саласында барлау ақпараттарымен алмасуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Синьхуа.

10–12 ақпан күндері АҚШ-та Қытай мен АҚШ арасындағы есірткіге қарсы күрес бағытындағы барлау мәліметтерімен алмасу жөніндегі 11-ші кездесу өтті. Бұл туралы жұма күні Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі хабарлады. Кездесуге екі елдің тиісті ведомстволарының делегациялары қатысты.

Кездесу барысында тараптар есірткі ахуалына қатысты бірқатар мәселелерді жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, заңсыз онлайн-контентті жою, бірлескен тергеу жүргізу, химиялық заттарды бақылау және есірткіге байланысты істер бойынша ақшаны жылыстатуға қарсы күрес мәселелері қаралды.

Тараптар соңғы жетістіктері туралы ақпарат алмасып, пікірлер мен ұсыныстарын ортаға салды және алдағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын айқындады.

Сондай-ақ теңдік пен өзара құрмет қағидаттары негізінде есірткіге қарсы күресте практикалық әрі тиімді серіктестікті дамытуға уағдаласты.

Айта кетейік, Қытай–АҚШ арасындағы бұл кездесу алғаш рет 2002 жылы өткен. Ол екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы есірткіге қарсы ынтымақтастықтың негізгі институционалдық алаңы саналады және кезекпен ұйымдастырылады.

Бұған дейін АҚШ пен Қытай жасанды интеллект саласында көшбасшы атанғанын жазғанбыз.